Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Демалыс күндері ұзақ ұйықтаудың пайдасы айтылды

Демалыс күндері ұзақ ұйықтаудың пайдасы айтылды

Демалыс күндері ұйқыны қандыру жүрек пен психикаға пайдалы екен. Бұл туралы кардиолог әрі терапевт Андрей Кондрахин айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дәрігер үнемі ұйқы қанбауы кортизол деңгейін жоғарылататынын, ал бұл өз кезегінде адреналин мен норадреналин секілді күйзеліс гормондарының өндірісін ынталандыратынын жеткізді.

Оның сөзінше, мұндай жағдайда ағза үнемі шаршайды, уақыт өте келе бұл жүрек-қан тамырлары мен психикалық жай-күйге зиянын тигізеді.

"Сондықтан демалыс күндері көбірек ұйықтауға мүмкіндік болған кезде бұл жағдай теңеседі", - деген дәрігердің сөзін lenta.ru басылымы келтірді.

Кондрахин қазір адамдар демалудан гөрі көп жұмыс істейтінін және демалыс күндері ұзақ ұйықтау қалпына келуге көмектесетінін айтты. Сарапшының пікірінше, ұйқыны қандыру деген жарты күнді төсекте өткізуді білдірмейді, жұмыс күндеріне қарағанда бір-екі сағатқа артық ұйықтаса жеткілікті.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі ересектер мен балалар қанша сағат ұйықтағаны жөн екенін айтты.

Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті бұл сауал адамның жасына байланысты екенін мәлімдеді:

жаңа туған нәрестелер (0-3 ай): 14-17 сағат;
сәбилер (4-12 ай): 12-16 сағат;
1-2 жастағы балалар: 11-14 сағат;
3-5 жастағы балалар: 10-13 сағат;
6-12 жастағы балалар: 9-12 сағат;
13-18 жас аралығындағы жасөспірімдер: 8-10 сағат;
ересектер, яғни 18-64 жастағылар: 7-9 сағат;
65 жастан асқан қарттар: 7-8 сағат.

Фото: pixabay.com
30 сәуір 2025 ж. 36 0