МӘМС жүйесіне қандай медициналық қызметтер кіреді?

Мен МӘМС жарнасын төлеймін, сақтандырылғанмын, бірақ қандай медициналық қызметтерді ала алатынымды білмеймін.
МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмек тізіміне (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 421 қаулысына сәйкес, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті бекіту туралы») келесі қызметтер кіреді:
– Амбулаториялық деңгейдегі арнайы көмек: профилактикалық тексерулер, бейінді мамандардың кеңесі, созылмалы аурулары бар адамдарды динамикалық бақылау, белгілі бір санаттағы азаматтарға стоматологиялық көмек, диагностика және процедуралар;
– Үйдегі стационар қызметтерін қоса алғанда стационарды алмастыратын жағдайдағы арнайы және жоғары технологиялық көмек, сондай-ақ жоспарлы және шұғыл стационарлық көмек (тәулік бойғы стационарда емдеу, күрделі хирургиялық оталар, күндізгі стационарда ем қабылдау).
– Медициналық оңалту (аурудан, жарақаттан, операциядан кейінгі оңалту);
– Емхана деңгейінде және стационарда көрсетілетін медициналық көмек аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (диспансерлік есепте тұрған пациенттер үшін).
Дәрігер емханада екпе тағайындап, емшара кабинетіне жіберді. Дәрілерді өзім сатып алдым. Бұл заңды ма?
МСАК ұйымына тіркелген пациенттер белгілі бір препараттармен тегін қамтамасыз етілуге құқылы. Бұл дәрілер емхана арқылы берілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесіне енгізілген (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығы). Егер тағайындалған дәрілер мен пациенттің диагнозы осы тізбеге кіретін болса, емхана оларды өзі ұсынуға міндетті.
Егер тағайындалған дәрілер тегін тізімге кірмесе, онда пациент оларды өз қаражатына сатып алады.
Менен жарналарды төлеуді талап етуде, бірақ мен жеңілдік санатына кіремін. Айтуларынша, мен МӘМС жүйесінде сақтандырылмағанмын.
Егер пациент жеңілдік санатына кіретін болса, оның жарналарын мемлекет төлейді, сондықтан ол өзі ешқандай төлем жасамауы тиіс.
Егер пациенттің мәртебесі болмаса, оның себебін анықтау қажет. Мысалы, күндізгі бөлімде оқитын студент туралы мәліметтер Ұлттық білім беру дерекқорына енгізілмеген болуы мүмкін, сондықтан ол сақтандыру мәртебесін жоғалтқан. Немесе азамат мерзімді әскери қызметтен өткен, бірақ бұл деректер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына берілмеген болуы мүмкін.
Жағдайды нақтылау және мәртебені жаңарту үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіну қажет.