Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы Жеңіске – 80 жыл: Ерлік мәңгі ел есінде

Ұлы Жеңіске – 80 жыл: Ерлік мәңгі ел есінде

Биыл адамзат тарихындағы ең алапат соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні – бұл күні біз екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан батырларды еске алып, арамызда жүрген ардагерлерге тағзым етеміз. Бұл – қайсарлық пен жанқиярлықтың, бірлік пен батырлықтың мерекесі.
1941–1945 жылдардағы соғыс жылдары Қазақстан халқы үшін де ауыр сынақ болды. Республикадан майданға 1 миллион 200 мыңнан астам адам аттанды. Олардың жартысына жуығы қан майданнан оралған жоқ. Жауынгерлермен бірге тыл еңбеккерлері де аянбай еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосты.
Қазақ жерінен шыққан қаһармандардың есімі ел есінде мәңгі сақталады. Кеңес Одағының Батырлары қатарында Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов сынды даңқты есімдер тарих бетінде алтын әріптермен жазылды. Олардың ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі, болашаққа мұра.
Қазақстандық әйелдердің батырлығы, қажыр-қайраты — бүгінгі ұрпақ үшін тағылымы мол үлгі, себебі әйелдер майдан даласында да, тылда да теңдессіз ерлік көрсетті.
Соғыс жылдары әйелдер көбінесе медбике, байланысшы, снайпер, зенитші, ұшқыш және байланыс бөлімдерінде қызмет атқарды. Көптеген қазақ қыздары өз еркімен соғысқа сұранып, майдан даласына аттанды. Олардың кейбірі Кеңес Одағының Батыры атағына ие болып, тарихта мәңгілікке жазылды.
Майдан даласынан тыс, тылдағы еңбек те соғыс жеңісінің шешуші факторларының бірі болды. Қазақстанның тылы – стратегиялық аймаққа айналды. Миллиондаған әйелдер: ауыл шаруашылығында – нан егіп, мал бағып, азық-түлік өндірді, өнеркәсіпте – әскери техника, қару-жарақ, киім-кешек тігу ісіне атсалысты, шахталар мен зауыттарда – ерлермен тең дәрежеде ауыр жұмысты атқарды.
Алматы, Шымкент, Өскемен, Қарағанды қалаларындағы зауыттарда әйедер ұшақтың бөлшектерін, танк, оқ-дәрі шығару ісіне белсене қатысты. Тылда еңбек еткен әйелдердің күшімен майданға тонна азық-түлік, оқ-дәрі және медициналық жабдықтар жіберілді. Сонау қиын-қыстау заманда олар батырлық пен төзімділік танытып, Жеңіске өз үлестерін қосты.
Бұл тарихымыздың ең жарқын беттерінің бірі. Қазақ әйелдерінің рухы, шыдамдылығы мен батылдығы – Тәуелсіз Қазақстан ұрпағы үшін үлкен үлгі, мәңгілік естелік.
Ұлы Жеңістің рухы – ел бірлігінің, татулық пен тұрақтылықтың символы. Батыр бабалар жолымен жүріп келе жатқан жас ұрпақ бұл қасиетті мерекенің тарихи маңызын жете түсініп, бейбітшілікті сақтау жолында жауапкершілік пен еңбек етуі тиіс.
Бүгінгі күні бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, ардагерлерге құрмет көрсету – әрбір азаматтың парызы. Мемлекет тарапынан соғыс және тыл ардагерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетіліп, олардың еселі еңбегі лайықты бағалануда.

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні – бұл тек тарихи дата ғана емес, бұл – ел қорғаған ерлер мен әйел азаматтарға деген шексіз құрмет пен тағзым күні.
Қазақстан халқы, соның ішінде Сыр өңірі, Арал ауданының ер-азаматтары да Ұлы Жеңіс жолында ерекше ерлік көрсетті. Аралдықтар майдан даласында да, тылда да ерен еңбек етіп, ортақ жеңісті жақындатуға зор үлес қосты.
Бүгінгі бейбіт өмір – сол ерлік пен жанқиярлықтың жемісі. Соғыс ардагерлерінің өр рухы, тегеурінді тарихы – ұлттың рухани қазынасы.
Мереке қарсаңында аудан жұртшылығы дәстүрлі түрде естелік шаралар ұйымдастырады. Ардагерлердің естеліктері мектептер мен мәдени ошақтарда насихатталып, жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне негіз болуда.
Жеңіс күні – ел рухын көтеретін, елдік пен ерліктің мәңгілік жалауы.
Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Ардагерлерге – мың тағзым, елге – тыныштық, ұрпаққа – амандық!

Арал аудандық сотының судьясы
Асанхан Әйгерім Бектібайқызы.
13 мамыр 2025 ж. 38 0