Бүгін бірқатар өңірде күн қатты ысиды

Синоптиктердің болжамынша, оңтүстік циклон мен атмосфералық фронттардың әсерінен елдің батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Орталық, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Түнде және таңертең солтүстік облыстарда тұман түседі.
Маңғыстау, Қарағанды, Ұлытау, Абай, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарының кейбір бөліктерінде өрт қаупі сақталады.
Ал төтенше өрт қаупі Қызылорда, Түркістан, Ұлытау, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе, Жетісу, Абай және Алматы облыстарының жекелеген өңірлерінде тіркелуі мүмкін.
Сонымен қатар бірнеше өңірде күн қатты ысиды. Алматы, Қарағанды, Жетісу, Ұлытау, Абай, Ақмола, Қостанай облыстарында күндізгі температура +35…+38°C дейін көтеріледі. Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарының шөлді аудандарында аптап ыстық +40…+43°C дейін жетуі ықтимал. Ұлытау мен Қарағанды облыстарының оңтүстігінде де +40°C аптап ыстық күтіледі.
Фото: Нұрболат Нұржаубай