Қызылорда облысында шегіртке қаптады — Министрлік жауап берді

Instagram әлеуметтік желісінің Zello Аralsk парақшасында жарияланған бейнежазбада Арал ауданы Шижаға ауылының Қызеке, Добал, Айтжантабан, Көкошақ секілді аумақтарында төтенше экологиялық жағдай қалыптасқаны келтірілген.
- Соңғы бірнеше күнде ауыл маңындағы жайылымдық және шабындық жерлерді жаппай шегіртке басып, мал шаруашылығына айтарлықтай зиян келтірді. Жақында жүргізілген дезинфекциялық жұмыстардан еш нәтиже көрмей отырмыз. Соның кесірінен төрт түлікке арналған табиғи азық — шөп, жоңышқа мен жайылым оты күрт азайып кетті. Бұл жағдай малдың күйіне, сүт өнімділігіне және жалпы мал шаруашылығының тұрақтылығына тікелей әсер етіп отыр. Ауыл тұрғындары өз күшімен күресіп көрген. Бірақ жәндікке қарсы тиімді шара қолдану мүмкін болмай тұр. Біз, ауыл халқы, тиісті органдардан, Ауыл шаруашылығы министрлігінен, төтенше жағдайлар қызметінен шұғыл көмек көрсетуді, арнайы дезинсекциялық өңдеу жұмысын жүргізуді сұраймыз, - делінген жазбада.
Осыған ұқсас жазбаны журналист Гүлмира Әбіқай Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады. Видеодан Арал ауданының Қарақұм ауылында өсімдік зиянкесі қаптағанын көруге болады.
Қызылорда облысының солтүстік ауданында қалыптасқан жағдайға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми жауап берді. Онда Қызылорда облысында шегірткеге қарсы 10 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері өңделгені, көктемгі маусымдық қорғау шаралары аясында үйірлі шегірткелерге қарсы белсенді күрес жұмысы жалғасып жатқаны жазылған.
- Бүгінгі күні өңірде жоспарланған 17,132 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабының 10,524 мың гектары өңделді. Шегірткеге қарсы күрес шаралары Арал ауданына қарасты Қарақұм, Сазды, Аққұм, Қосаман және Жіңішкеқұм ауылдық округтерінің аумағында жүргізілді. Жұмысқа 2 жеңіл авиация кемесі, 2 аса жеңіл ұшақ, 12 жерүсті техникасы, 5 дрон, арқаға асылатын 45 бүріккіш жұмылдырылды. Мониторинг жұмысына 48 маман тартылған. Облыс бойынша шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларын жүргізу үшін болжанған жалпы аумақ — 60,024 мың гектар. Жоспарланған аумақтың барлығы бойынша мердігерлермен келісімшарттар жасалған, - делінген жауапта.
Министрліктің хабарлауынша, өңірде облыс әкімінің орынбасары басқаратын жедел штаб құрылды, осындай штабтар аудан деңгейінде де жұмыс істейді. Жергілікті жерлерде мониторинг жүргізу және іс-қимылды үйлестіру үшін 279 адам тартылған.
- Үйірлі шегірткелердің дернәсілдерін анықтау мақсатында 445,8 мың гектар жерге зерттеу жүргізілді. Күрес шаралары агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің бақылауында. Егін алқаптарының зақымдану жағдайы тіркелген жоқ. Өңдеу жұмысының барысын Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин қадағалап отыр.
Ал Қызылорда мен Ақтөбе облыстарының шекарасындағы жағдай Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының бақылауында.
Өңірлерде мониторинг және күрес жұмыстары жалғасып жатыр, - делінген ведомство хабарламасында.
Әлеуметтік желідегі тұрғындар шағымына Арал ауданының әкімдігі жауап берді.
- 2025 жылғы сәуір айының соңында аудан аумағында зиянкестердің (шегіртке) жер бетіне шығуы тіркеліп, бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. 27-28 сәуір күндері Қарақұм және Сазды ауылдық округіне қарасты аумақта италиялық прус дернәсілдері анықталды. 2-5 мамыр күндері Аққұм, Қосаман, Жіңішкеқұм ауылдық округтеріндегі өңірлерде зиянкестердің белсенділігі байқалды. Аудан бойынша (Қарақұм, Сазды, Жіңішкеқұм, Аққұм, Қосаман, Сапақ ауылдық округтері) ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - делінген аудан әкімдігінің жауабында.
Осы кезге дейін 10242 гектар жер өңделген.
Мәселеге орай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы да үн қатты. Басқарма атқарылған жұмысты жоғарыдағы сарында баяндаған.
- Сонымен қатар Аралқұм, Сапақ, Жіңішкеқұм, Бекбауыл ауылдық округтеріне қарасты шаруа қожалықтары мен мемлекеттік жер қорында зиянкестерден залалдану деректері тіркелді. Осыған байланысты Сапақ ауылдық округінің Көктем елді мекенінде орналасқан шаруа қожалығының жерінде 157 гектар аумақ арнайы техникамен өңделді. Аудан бойынша тіркелген тағы бір ерекше жағдай – Қарақұм ауылдық округіндегі Көкаша елді мекенінде зиянкестердің тұрғын үйлер ауласына дейін кіріп кеткені. Бұл елді мекенде 4 үй орналасқан. Қазіргі уақытта бұл аймақ толықтай бақылауға алынып, қажетті шаралар атқарылып жатыр. Қалған ауылдық округ орталықтарында зиянкестердің басып кіру деректері тіркелмеген, - делінген басқарма жауабында.
Фото: turkystan.kz