Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зиянкестерге қарсы жұмыстар жүргізілді

Зиянкестерге қарсы жұмыстар жүргізілді

Күн жылынып, Жер-Ана жасыл кілемге оранғаны жақсы. Алайда жаз келе өз тіршіліктерін бастайтын түрлі зиянкестермен уақытында күреспесек, күн көзі қызған сайын олар да күш бермей кетері анық.
Мал жайын күтіп-баптайтын ауыл шаруашылығына ең қауіптісі – үйірлі шегіртке тектес зиянкестер. Яғни азиялық шегіртке және итальяндық прус. Иә, шегіртке десек болды, көз алдымызға бау-бақша мен егін-шөпті отап кететін зиянкес жәндік келеді. Жалпы алғанда, шегірткенің жаппай таралып, ауыл шаруашылығы жерлеріне айтарлықтай зиян келтіруі көптеген факторларға байланысты. Сонымен бірге өсімдік зиянкестерімен күресу жолы – ең күрделі, ғылыми жаңалықтар мен әдістемелерді пайдалана отырып жүргізілетін кешенді шара. Соның ішінде әр зиянкеске қарсы пестицидтерді, яғни улы химикаттар қолдана отырып күресетін химиялық өңдеу жұмысының маңыздылығы мен экономикалық тиімділігі зор.
Биыл айдынды Арал өлкесінде шегіртке тектес зиянкестерге қарсы 2022 жылға 6000 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған еді. Осы орайда, Қарақұм, Сазды және Аққұм ауылдық округтерінен 5600 гектар жерге шегіртке тектес зиянкеске қарсы қорғаныс іс-шаралары жүргізілген болатын. Соның ішінде әуе ұшағымен 4200 гектар, жер агрегатымен 1400 гектар жерге улау жұмыстары жүргізіліп өтті. Қазіргі уақытта химиялық өңдеу жұмыстарына 1 дана дельта план және 1 дана жер агрегаты (УАЗ) жұмылдырылуда.
Осындай зиянкестердің шамадан тыс көбеюі өнімнің және жануарлардың азаюына алып келері анық. ҚР «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңына сәйкес облыстық аумақтық инспекциясының әр аудандағы инспекторлары заң талабын барлық шаруа қожалық етуші субъектілердің қалтқысыз сақтауын қадағалайды. Барлық жер иеленуші жеке және заңды тұлғалар өз иелігіндегі жерде фитосанитарлық мониторинг пен фитосанитарлық iс-шараларды жүргiзуге және зиянды организмдердiң зиян тигiзудiң экономикалық шегiнен көп дамуы мен таралуына жол бермеуге тиісті. Аталған ауқымды жұмыстардың арқасында биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын, шабындықтар мен жайылымдарды зиянды түрлі жәндіктерден сақтап қалуымызға болады.
«Толқын» ақпарат
14 маусым 2022 ж. 521 0