Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданында 500 гектарға жуық жоңышқа егіледі

Арал ауданында 500 гектарға жуық жоңышқа егіледі

Қуаңшылықтың қайта айналып соқпасына кепіл жоқ. Сол себепті азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мал азығын дайындауды жүйелі түрде жүзеге асыруымыз қажет. Осыған орай, аудан әкімі Серік Сермағамбетов бірнеше елді мекенге арнайы барып, егін шаруашылығы жұмыстарымен танысты.

Атап айтқанда, Ақирек ауылдық округіне қарасты егіс алқаптарындағы қызу тірлік барысын көрді.
2 гектар жерге жаңа жоңышқа тұқымын сепкен "Ақпан" шаруа қожалығының көктемгі дала жұмыстарына қатысты.
Мұнан бөлек, 5 гектар жерге целлофан жабынды астында 50 мың ұяшыққа бақша дақылдарын егуді бастаған "Нұр-Дана" шаруа қожалығының жұмысыменде танысты.

Сонымен қатар Жетес би ауылдық округі, Ескұра елді мекенінің тұрғындары Қойбағаров Баймағамбет және Таңатаров Қарабек Советжарма өңірінен 4 гектар жерге жоңышқа дақылдарын сепкен болатын.
Сондай-ақ осы ауылдың жомарт жерді идіре білген бірнеше тұрғыны 4 гектарға картоп және 2 гектарға бақша дақылдарын егіп, күзде азық болар өскінді баптау үстінде.
Жалпы аудан бойынша 2022 жылға ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 800 гектарға жетті. Оның ішінде 498 га жерге мал азығы егілсе, қалған 302 га жерге картоп, көкеніс және түрлі бақша өнімдері егілуде.
Бүгінгі күнге 300 гектар егістікке жер жырту жұмыстары жүргізіліп, оның 150 гектарына дән себілді. Жалпы алғанда жан мен мал азығын теңіздің маңайына егіп, өз күшімізбен орып алған аудан жұрты үшін тиімді болмақ. Осыған байланысты аудан әкімі: алыстан арбаламай, жақыннан дорбалау үшін бұған дейін егіншіліктен ауылы алыс болған аралдықтар тыңнан түрен салуы қажеттігін атап өтті.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов бұл жөнінде::
– Қуаңшылық қайталанбауына ешкім кепіл беріп жатқан жоқ. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытудың 3 жылдық жол картасын қабылдаған болатынбыз. Соның негізінде биыл 800 га егін орналастырамыз деп отырмыз. Бұл егінмен аудандағы 23 ауылдық округтің тек 11-і ғана айналысатын болады. 500 га жуық жерге мал азығын егуге бағыттасақ, қалғанын 300 га бақша өнімдері. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алған шарамыз, – деді.

"Толқын" ақпарат

08 мамыр 2022 ж. 600 0