Аралды сақтап қалудың жолын тапқан орыс қызы
Халқымыз сексеуілге керемет құрмет көрсеткен. Қасиетті ағаш санап, бет-албаты отамайтын болған. Мұның сыры да бар болып шықты. Сексеуілді егу арқылы Арал теңізін сақтап қалуды Қазақстан ғалымдары қазір іске кірісіп кеткен екен. Олардың арасында сексеуілді жан-тәнімен зерттеп жүрген, «100 жаңа есім» жобасының экология номинациясын жеңіп алған орыс қызы – PhD доктарант, 60-тан астам ғылыми жұмыстың авторы Екатерина Вибе туралы айтпасқа болмайды.
— Екатерина, сексеуілді қашан зерттеп бастадыңыз. Әңгімемізді содан бастасақ. Осынау ерекше өсімдікті зерттеуге не себеп болды?
— Өзім орман шаруашылығы ғылымымен айналысатындықтан, сексеуіл жайлы жалпы хабарым мол. Оның ерекшелігі мен қасиеті туралы жақсы білемін. Бірақ оны зерттеу жайлы ой жақында келді. Нақтырақ айтсам, 2020 жылы ақпанда Ә.Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты мен Көкшетау орман селекциялық тұқым өсіру орталығының мамандары бас қосқан дөңгелек үстелде қазақ даласының жауһарына айналған сексеуілдің құрып бара жатқаны айтылып, үлкен мәселе қозғалды. Сексеуілді зерттеу керек деген ой өзегі сонда туындады.
Біздің институттың басқарма төрағасы Әлімжан Рақымжанов Орман саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Азия ұйымының ғылыми зерттеулерге қаржы бөлетінін біліп, біздің жобамызда сонда қорғады. Әріптесім ағаш өсімдігін сұрыптаудың маманы Яна Крекова екеуіміз сексеуіл туралы жазылған ғылыми еңбектердің барлығын зерттеп, оны сақтап қалудың жолын тапқандай болдық. Сондықтан зерттеу жұмысының тақырыбын «Қара сексеуілдің жәндіктерге төзімді формаларын зерттеу» деп қойдық. Осы жерде айта кететін бір нәрсе бар. Біз сексеуілді сақтап қалудың жолымен бірге оны сұрыптаудың, генетикасы мен физиологиялық, биохимиялық ерекшеліктерін де қатар зерттемекпіз.
— Өзіңіз айтып отырған зерттеу жұмысының мақсатын, өзектілігін айтыңызшы. Соңғы нәтижесі не болмақ?
— Бұл жобаны Орман саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Азия ұйымы өткен жылдың соңынан бастап қана қаржыландыра бастады. Демек, жұмыс енді басталды деген сөз. Жалпы табиғатта сексеуілді бүлдіруші жәндіктер мен зиянкестер көп. Олар бұтақтың тамыры мен тұқым таратушы және вегетативті мүшелерін улап не шірітеді. Әсіресе, галл түзуші немесе сексеуілдің бетінде қара дақ түсіретін жәндіктердің зияны көп. Жыл сайын осы зиянкестердің кесірінен орман ішінде ауру ошағы пайда болып, үлкен зиян шегеді.
Жарақат алғаш ағаш әлсіреп, өсімі тоқтайды не кеміп қалады. Тұқым қалдыру қабілеті шау тартады. Мұндай зиянкестерді құртуға, санын бақылауда ұстауға болады. Ол үшін сексеуілді егер кезде осы зиянкестерге қарсы инсектицид сынды препараттарды себу керек әрі жәндіктердің балаңқұртын кесіп алып тастау қажет.
Жалпы сексеуілдің біраз түрі мұндай зиянкестерге қарсы тұра алмайды. Көп зиян шегеді. Ал біздің мақсатымыз сексеуілдердің арасынан осы зиянкестерге қарсы тұра алатын түрін тауып, одан тұқым материалын алып егу. Соны сұрыптап тарату.
— Екатерина, сексеуілдің ерекшелігі мен қасиеті жайлы айтыңызшы. Қазақ халқы бұл өсімдікті ерекше құрметтейді. Мұның себебі неде?
— Сексеуіл – шөл даланың ағашы. Бүкіл құм және құмайт жерге көрік беретін, оның биологиялық және экожүйесіне негіз болатын өсімдік. Ағаш өспеген жерде сексеуіл өседі. Ал сексеуіл өскен жерде басқа да жартылай ағаш, жартылай бұта, қатқыл шөп пен өсімдік өсіп, шөл даланың орманына айналады. Кей сексеуілдің биіктігі 12 метрге дейін жетеді. Кәдуілгі ағаш деуге болады. Ал құмды далада ағаш көрген кімге болсын қызық.
Сексеуіл ағашының тығыздығы өте жоғары. Суға лақтырсаң, батып кетеді. Сол тығыздығының арқасында отқа жаққанда көмірдің қуатындай жылу береді. Былайша айтсақ, сексеуіл – шөл даланың көмірі.
Зерттеу жұмысын бастарда сексеуіл жайлы көп іздендім. Сонда түркі тектес халықтардың сексеуілді аса құрметтейтінін байқадым. Мәселен, Шыңғыс Айтматовтың «Жаңғырық» (Плаха) романында сексеуілді сакральды ағаш деп танитынын байқадым.
Қазақ халқы да сексеуілді емдік, шипалық қасиетін мойындап, шөл далада қаздиып жалғыз өзі өсетін бұл ағашты қадір тұтқан екен. Киіз үйді жылытуға таптырмас ағаш. Бұрындары сексеуілден кәдімгі көмір алатын болған. Етті, балық пен сүтті қақтау мен кептіру үшін де пайдаланған. Бірақ қазір сексеуілді шабуға мемлекет тарапынан тыйым салынған.
— Сексеуілді егу не үшін керек?
— Сексеуілді жаппай егудің маңызы өте зор. Қазір бүкіл әлем Аралды сақтап қалуға тырысуда. Қалпына келтірудің түрлі амалын ұсынып жатыр. Бірі Каспий теңізінен су айдайық десе, енді бірі Сібірдегі өзендердің басын бұру керек дейді. Немесе тау мұздығынан бастау алатын өзендердің мұзды еріту арқылы қарқынын күшейтейік деп ұсыныс айтқандар да бар. Мұның бәрін істеу өте қиын. Ол үшін ғаламдық инженерия керек.
Ал біздің ойымызша, Арал өңіріне тән өсімдіктерді егіп, суды қайтаруға болады деп есептейміз. Иә, сексеуілдің тамыры жердің тереңіне кететін жер бетіндегі бірден-бір өсімдік. Шөл далада су іздеп, өте тереңге шабады. Өзен мен көлдің маңайындағы ағаш арнаға толған суды ұстап тұратын қасиеті бар. Мәселен, Үлкен Алматы көлі де қарағайдың қасиетімен тұр. Яғни, біздің ойымыз – Арал түбін орманға айналдырып, суды арнасын қайтару. Бұл идеяны ұсынған – біз, Ә.Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы институтының мамандары. Бұл қолдан келетін, жүзеге асыруға болатын шаруа.
Қазір Арал теңізінің құрғап қалған бөлігінің 15-20 пайызында ғана өсімдік бар. Өсімдіктің таралуы өте баяу жүруде. Ал теңіздің түбі күн сайын құрғап барады. Сондықтан институт ғалымдары теңіздің шығыс жақ бөлігіндегі орман өсіру мүмкіндіктерін қарастырып, ауаға таралатын тұз бен шаңды тоқтатуды зерттеп жатыр.
Жоғарыда айтқанымдай, сексеуіл – шөл далада өсетін жалғыз орман ағашы. Әрі оның қасиеті де сол – жердің түбіне дейін тамыр жіберіп, жерасты суларын жоғары тарта алады. Соның есебінен Арал түбегін қалпына келтіруге болады.
— Қазір Арал түбіндегі жұмыстар қалай жүріп жатыр?
— Жұмыс енді ғана басталды. Алдымызда күрделі, қиын істер тұр. Талай зертханалық жұмыс істеу керек. Сексеуілді тұрақты формасын таптық дегеннің өзінде оны таралуы мен өсуі жылдар керек.
Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалмас деген сенімдемін. Сексеуілдің ерекше түрін алып, соны өсірудің мүмкіндігі өз қолымызда деп сенемін.
— Ісіңізге сәттілік! Сұқбатыңызға рақмет!
osken-onir.kz