Белес биігіндегі білім ордасы

Тоқсан жылдық тарихы бар мектеп – тағылым мен парасаттың алтын ұясы. Ол бірнеше буынның маңдай тері мен ұлағатты еңбегінің жемісі, саналы ұрпақ тәрбиелеген қасиетті білім ордасы. Осынша уақыт ішінде бұл мектеп талай ұстаздың шырақ жаққан алауына, талай шәкірттің арманына айналды. Тоқсан жыл – бір қарағанда уақыт өлшемі ғана болғанымен, оның ішінде бүтін бір елдің, ауылдың рухани өсуі мен өркендеуі жатыр.
Аққұм ауылдық округіндегі №57 Елеу Көшербаев атындағы орта мектептің 90 жылдық мерейтойы – ұлт руханияты мен білім саласындағы елеулі оқиға. Бұл талай ұрпақты тәрбиелеген, саналы азаматтарды қанаттандырған білім ордасының мерейі тасып, абыройы артқан сәт.
Мектеп 1933 жылы Орталық комитеттің селолық жерлерде білім беру туралы қаулысына сәйкес жұмысын бастап, 1934 жылы 4 жылдық бастауыш мектеп болып ашылды. Тарихы терең, тағылымы мол осы мектептен қаншама азамат түлеп ұшты.
1996 жылы 12 шілдеде ҚР Үкіметінің №897 қаулысымен мектепке мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевтың есімі берілді. Бұл – ел есінде қалған ер тұлғаға көрсетілген құрметтің, ұрпаққа үлгі боларлық өнегенің белгісі.
Терең тарихы бар №57 Е.Көшербаев атындағы орта мектепте 2024–2025 оқу жылында 491 оқушы білім алуда. Биылғы түлектердің арасынан 6 оқушы «Ерекше аттестатқа» үміткер атанып отыр. Бұл – мектептің оқу сапасының, ұстаздардың кәсіби шеберлігінің айқын көрінісі.
Ұстаздық жолды өміріне серік еткен бұл жандар – ел болашағына үлес қосып келе жатқан нағыз рухани майданның сарбаздары. Әр жылы 500-ден астам оқушыға есігін айқара ашатын мектепте бүгінде 64 педагог еңбек етеді. Олардың ішінде 1 педагог-шебер, 5 педагог-зерттеуші, 21 педагог-сарапшы және 25 педагог-модератор санатындағы білікті мамандар бар.
Мектеп түлектері де үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Қазіргі күнге дейін білім ордасы 2 күміс медаль, 20 «Алтын белгі», 9 «ерекше аттестат» иегерін тәрбиелеп шығарған. Өткен оқу жылындағы ҰБТ нәтижесі 90% көрсеткішпен өлшенсе, түлектердің барлығы дерлік армандаған жоғары оқу орындарына 100% мемлекеттік грант арқылы түсу мүмкіндігіне ие болды.
Мектеп тарихында өшпес із қалдырған 9 ардагер ұстаз – Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздіктері атанған олардың өнегелі өмірі мен еңбек жолы жас ұрпаққа бағыт-бағдар, үлгі мен ұлағат.
Білім орда шәкірттері жыл сайын түрлі зияткерлік сайыстар мен ғылыми жобаларда жарқырап көрініп, білім биігін бағындырып келеді.
Биылғы оқу жылында да жас зерттеушілер үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша 8-11 сынып оқушыларына арналған республикалық ғылыми жобалар байқауында «Өлкетану» секциясы бойынша Данагүл Нұралы облыс намысын қорғап, ІІІ орын иеленді.
Ал Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде 10-сынып оқушысы Анель Мырзаханова география пәнінен ІІІ орын жеңіп алды. Және «Зерде» ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде 6-сынып оқушысы Жұлдызай Айдарбек ІІ орынға қол жеткізді.
Бұл – оқушының ізденісі мен ұстаздың біліктілігінен туған ортақ жеңіс.
2021–2022 оқу жылында ұйымдастырылған «IQanat» олимпиадасының екі кезеңінен сүрінбей өткен оқушымыз Нұралы Нұрасыл республикалық деңгейде жүлдегер атанып, IQanat High School of Burabay оқу орнына шақырту алып, білім грантына ие болды. Бұл – білімге құштарлықтың, тынымсыз еңбектің айқын жемісі.
Ал 2023–2024 оқу жылында өткен «IQanat» олимпиадасының финалисті, бүгінгі таңда «Iqanat» менторы атанған 9 сынып оқушысы Баймырзаева Гүлсезім – мектеп мақтанышы. Жетістігімен көпке үлгі болып жүрген ол алғырлығы мен табандылығы жас буынға жігер береді.
«Білім – таусылмас қазына, жұтамас байлық» демекші, бұл жетістіктер – мектептегі сапалы білім мен ізденісті еңбектің айғағы.
«Талапты ерге нұр жауарын» бұл мектеп тек білім саласында ғана емес, спорт пен өнердің де ошағы екенін дәлелдеп келеді. Бұл білім ұясында жасөспірімдердің жан-жақты дамуына бағытталған 35 үйірме тұрақты жұмыс істейді. Әрбір үйірме – таланттың шыңдалуына, тәртіп пен табандылықтың қалыптасуына жол ашатын тағылым ордасы.
Спорт – қайсарлық пен рухтың символы. Еркін күрес, асық ату, қол күрес, батпан көтеру сынды ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерінен мектебіміздің шәкірттері республикалық деңгейде топ жарып жүр.
Қол күрестен ҚР чемпионатына дейінгі облыстық іріктеуде 11-сынып оқушысы Ескендір Байғабылов – І орын, 9-сынып оқушысы Айзере Темірбек – ІІ орын алып, Тараз қаласында өткен республикалық чемпионатта өз шеберліктерін сәтті көрсетті.
Гір тасын көтеруден облыс біріншілігінде 10-сынып оқушылары Батырхан Балтабекұлы мен Еркеназым Ернатқызы – І орын, Расул Кеулімжаев – ІІ орын иесі атанып, республикалық сайысқа жолдама алды.
Еркін күрестен республикалық турнирде 6-сынып оқушыларының жеңісі мақтанарлық. Рүстемов Шыңғыс – бірінші орын, Жомарт Сексенбаев пен Нұрқанат Ақмырзаев – екінші орын, Нұрислам Құрақбаев – үшінші орынды еншіледі.
Ұлттық мұра – асық атудан 5-сынып оқушысы Ақылжан Қазбекұлы республикалық чемпионатта ІІ орын алды. Ал биылғы облыстық іріктеуде 5–6 сынып оқушылары Қ.Жақсанов, Д.Әбжәмиев, Е.Сауренов, Н.Қуатжанұлы жүлделі ІІІ орынды қанжығалады.
Жеңіл атлетика бойынша да мектеп оқушылары елеулі жетістіктерге жетіп отыр. 5-6 сынып оқушылары облыстық іріктеуде І орын алып, республикалық чемпионатта өздерінің шапшаңдығы мен ептілігін дәлелдеді.
Аққұм ауылдық мектебі – білім ғана емес, тәрбиенің де терең тамыр жайған қасиетті ордасы. Оған дәлел мектеп қабырғасында орналасқан қоры 3226 кітаптан тұратын кітапхана. Ол «Оқуға құштар мектеп» және «Балалар кітапханасы» жобаларына белсене атсалысып келеді. Бұл әрине жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын оятып, білімге деген іңкәрлігін арттыратын маңызды қадам.
Білім мен тәрбие жолындағы жетістіктер мен жаңалықтарды дәріптеу мақсатында «№57 News» атты онлайн үнпарақ жарық көріп, оқырманын тың ақпаратпен сусындатуда. Ал мектептің терең тарихы мен өрісті жолын дәріптеу бағытында «Сан қыранды самғатқан алтын ұя» атты естелік-кітап дүниеге келді. Бұл – жылдар бедеріндегі өнегені жаңғыртқан рухани мұра.
Ұжым еңбекке де епті. Мектеп қызметкерлері ауылда бау-бақша егіп, одан алынған табиғи өнімді мектеп асханасына дәруменді тағам ретінде ұсынуда. Бұл – шынайы жанашырлықтың, ортақ іске деген жауапкершіліктің айғағы.
Ұрпақ санасына туған жердің тарихы мен тұғырлы тұлғаларын сіңіруде мемлекеттік және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевқа арналған мемориалдық мұражай ерекше рөл атқарады. Өлкетанымдық тәрбиеге арналған бұл өнеге ұясы қашанда жас жеткіншектер үшін өткенді танудың, болашақты бағамдаудың алтын көпірі іспетті.
№57 Е.Көшербаев атындағы орта мектептің тағылымды тарихы – еңбекқорлық пен төзімділіктің, мейірімділік пен білімге құштарлықтың айнасы. Бұл киелі қара шаңырақтан түлеп ұшқан түлектер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, туған мектептің мерейін үстем етіп жүр.
Мектеп ғимаратының үшінші қабатындағы «Мектеп тарихы» залы – осы бір жарқын тағдырлар мен жетістіктердің куәсі. Бұл залда әрбір түлек есімі әрқашан мақтанынып айтар шежіренің бір парағы іспетті.
Білім беру саласында озық еңбегімен танылған:
Әбілов Алдажар, Бөлекбаев Амангелді, Сұлтамұрат Гүлмира, Ибраева Рыскүл, Құдайбергенова Әлия, Тілеужанова Ругайда, Мұхтарқызы Ақмарал – білім мен тәрбие саласында талай шәкірттің жүрегіне нұр құйған ардақты ұстаздар.
Мемлекеттік қызметтің биік мінберінде елге адал қызмет етіп жүргендер Базарбай Төреахметов, Нұрбек Жандаулетов, Еркін Әбішев, Жұпар Нұрбаева, Самал Ешекенова, Жақсылық Төлегенов – туған топырақтың абыройын асқақтатып жүрген азаматтар. Құқық қорғау саласында Мадияр Бекпанов, Бақытжан Аймырзаев, Нұртуған Қасымов ел тыныштығы жолында еңбек етіп жүргендер. Мәдениет майданында ұлттық өнер мен руханиятты өрге сүйреп жүрген Айбек Тәңірбергенов. Теміржол саласында Ерлан Сырымов, табиғатты қорғау бағытында, экология саласында Айболат Берекешов жауапты қызмет атқарып жүр
Ал туған жерге адал еңбекпен өнеге көрсеткен, Арал ауданының құрметті азаматы, аты аңызға айналған атақты шопан Қонысов Қоңырбай – мектеп тарихындағы шоқтығы биік тұлғалардың бірі.
Бұл есімдер – білім ұясының ұлағатты рухын бойына сіңіріп, биікке самғаған сан қыранның жарқын үлгісі.
90 жылдық тарихы бар №57 Е.Көшербаев атындағы орта мектеп тек білім ордасы ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің алтын ұясы. тағылым мен табандылықтың шежіресі бұл ұлтқа қызмет етер саналы азаматтарды тәрбиелеген бұл қара шаңырақтың жүріп өткен жолы. Білім мен ғылымға, өнер мен спортқа, ел мен жерге адал қызмет етіп жүрген түлектері – мектептің айбыны мен мақтанышы. Ұстаздар қауымының өлшеусіз еңбегі мен шәкірттердің тынымсыз ізденісі – бүгінгі жетістік пен ертеңгі үміттің негізі.
Мектептің әр кірпіші, әр парағы қашанда өткеннің өнегесі мен болашақтың бағдаршамы. Тоқсан жылдық мерейтой – жеткен биікті бағамдап, жаңа белеске бет бұратын тарихи сәт. «Тамыры тереңнің – болашағы нұрлы» демекші, мектеп мерейі әрдайым үстем, туы биік болғай!
Нұрай ӘМІРХАНОВА