Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС – денсаулық үшін ортақ жауапкершілік

МӘМС – денсаулық үшін ортақ жауапкершілік

Қызылорда облысы – еліміздің негізгі мұнай-газ өндіруші аймақтарының бірі. Халықтың басым бөлігі осы салада еңбек етеді. Сондықтан әрбір қызметкерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің артықшылықтары мен мүмкіндіктерін жеткізу маңызды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының мамандары өңірдегі жүйелік маңызы бар кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен тұрақты түрде кездесулер өткізіп тұрады. Олардың қатарында «Қазгермұнай», «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз», «Торғай-Петролеум», «Байкен-U», «РУ-6», «Хорасан-U», «Мелиоратор» және басқа ірі компаниялар бар.
Филиалдың бас сарапшысы Айгүл Аханованың айтуынша, 2025 жылғы 28 мамырдағы жағдай бойынша облыс тұрғындарының 83,8%-ы немесе 689 510 адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған, бұл жалпы халықтың 83,8 пайызын құрайды. Олардың қатарында 15 жеңілдік санатына жататын азаматтар бар. Яғни өңір халқының басым бөлігі медициналық сақтандырумен қамтылған.
- «Сақтандырылған» мәртебесін жоғалтпау үшін 12 ай бойы үздіксіз төлемдер қажет. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі барлық төлеушілер үшін тиімді. Азаматтар, жұмыс берушілер және мемлекет денсаулық үшін ортақ жауапкершілікте. МӘМС жүйесі іске қосылғанға дейін пациенттер кейбір медициналық қызметтерді ала алмаса, енді олар сақтандырылған азаматтарға жарна арқылы қолжетімді, – деп атап өтті Айгүл Аханова.
08 маусым 2025 ж. 35 0