Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі өмірге бетбұрыс

Берекелі өмірге бетбұрыс

Арал аудандық қоғамдық даму бөлімінің ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған азаматтармен маңызды кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – қоғамнан шеттеп қалған жандардың құқықтық әрі рухани тұрғыдан оңалуына қолдау көрсету және оларды қоғамға бейімдеу бағытында нақты қадамдар жасау.
Кездесуге аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Н.Тәукенов пен Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі, теолог Нұрсұлтан Мамедалиев арнайы шақырылып, сотталған азаматтармен еркін форматта әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында теолог Нұрсұлтан Мамедалиев діни бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, экстремизм мен радикализм идеяларынан сақтанудың маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде дін атын жамылып жасалатын заңсыз әрекеттердің адам тағдырына тікелей зиян тигізетінін, сондай-ақ діни сауаттылықтың өмірлік мәні зор екенін баса айтты.
– Қоғамда өз орнын табуға ниетті әр азамат, ең алдымен, ішкі жан дүниесін тәрбиелеп, түзелу жолында нақты қадам жасауы керек. Бұл – өзіне де, қоғамға да қажет шешім, – деді теолог өз сөзінде.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Пробация есебінде тұрған азаматтар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, олар мамандар тарапынан толыққанды әрі нақты жауаптар алды. Қатысушылар өздерін мазалаған діни, құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша пікір білдіріп, қолдау тапты.
Аудандық пробация қызметі мұндай кездесулердің сотталған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне, құқық бұзушылықтың алдын алуға және рухани тұрғыдан дамуына оң әсер ететініне сенімді. Алдағы уақытта да түсіндірме шараларын жүйелі түрде өткізу жоспарланып отыр.
Бұл бастама – адам тағдырын дұрыс арнаға бұру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Арал аудандық пробация қызметі
15 маусым 2025 ж. 53 0