МЕРЕЙЛІ МЕКТЕП ҮЗДІК ЖҮЗДІКТЕ

«Шынар ағаш биіктеп өсуі үшін, тамыры терең болуы керек» демекші, бұл жеңістің артында жылдар бойғы жинақталған тәжірибе, ұрпақ сабақтастығы, ұжымның тынымсыз еңбегі мен жауапкершілікке толы жолы, ата-ана мен мектептің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып төккен терінің, төзімнің, табандылықтың жемісі жатыр.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың атынан жолданған арнайы құттықтау білім мен тәрбиенің киелі ордасына салтанатты түрде табысталды.
Бұл мәртебелі сәт – Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы, білім саласының білікті тұлғасы Ғалия Ноғайқызының қолымен мектеп директоры Әліби Әбілбаевқа салтанатты рәсімде құрметпен тапсырылды.
Кешегі кеңестік кезеңнен бастап, бүгінгі тәуелсіздік таңына дейін, №220 мектеп – тарихтың толқынынан сүрінбей өтіп, әр буынды білімнің қайнарынан сусындатқан берекелі білім ордасы.
Мектеп директоры Әліби Әбілбаевтың басшылығымен ұжымның ортақ рухы, кәсіби үйлесімі, шығармашылық ізденісі мен жаңашыл бастамалары бүгінгі таңда бүкіл елге үлгі боларлық деңгейге жетті.
«Білімді мыңды жығар» – жетістігі қазақтың осындай өсиет сөздерін іс жүзінде дәлелдеді. Кешегі өткен асыл ұстаздардың ізі, бүгінгі жас мамандардың жалынды жігерімен жалғасып, мектеп дәстүрі жаңғырып келеді.
Бұл білім ордасының қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттер бүгінде әр саланың майталманына айналып отыр. Өнер мен мәдениеттің өрісін кеңейтіп жүрген, басшылар мен сала майталмандарын зор мақтанышпен атауға болады.
Бүгінгі жетістік қашан да өткеннің құрметі, ал ертеңгі күнге деген сенімнің тоғысы. «Басталған істің бағы бар» дейді дана халқымыз. Ендігі мақсат – осы жетістіктен жаңа өрістерге жол ашып, биіктей беру, кемелдену, көркейе түсу!
«Тарихы терең, түлектері өрелі мектеп – мәңгілік мұраттың алтын діңгегі» десек, №220 мектеп осындай биік атауға әбден лайық!
Нұрай ӘМІРХАНОВА