Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тебіренген «Тербенбес»

Тебіренген «Тербенбес»

Сексеуіл кентінен шығысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан «Тербенбес» деген қырат бар. Биіктігі 209 метрді құрайтын бұл шың есте жоқ ескі заманда теңіздің жағасы болған деседі.
    «Тербенбес» Сексеуіл кентінен шығысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан қырат. Биіктігі 209 метрді құрайтын бұл шың есте жоқ ескі заманда теңіздің жағасы болған деседі. Өлке тарихына қатысты мәліметтерді іздестіре келе осындай деректерді көзіміз шалды.
    Бұл қырдың атауына қатысты ел арасында түрлі пікір бар. Бір нұсқасында былай айтылады. Жаудың соққысына ұшыраған бір халық үдере көшіп бара жатып осы маңнан өткен деседі. Сонда улап-шулаған жұрт «Біздің қаншама көз жасымыздың төгілгеніне мына таудың тебіренбей жатқанын қарашы» деген екен.     Содан бері Тебіренбес атаныпты. Кейін тіл заңдылығындағы дыбыс алмасуына сәйкес Тербенбес атанған екен.
    Көп ішінде айтылатын аңыздың екінші нұсқасы біздің бүгінгі тақырыбымызға жауап ретінде келіңкірейді. Онда халық арасында су тасқыны болған кезде таудың етегіне қоныс тепкен адамдар тау басына шығып аман қалған деген аңыз бар. Сол кезде бесікте құндақталған сәби теңіз бетінде тербетіліп қалып қойған. Содан «Тебіренбес» деген атауға ие болыпты
    Бұл әрине аңыз ғана. Алайда ел аузындағы естеліктердің түбінде тарихи шындықтың болатынында жасыра алмаймыз. Бүгінгі Арал ауданының аумағын түгелдей су басып жатуы әбден мүмкін. Ғалымдар зерттеуінде Арал теңізі Кайназой дәуірінің орта шенінде, яғни 1200 жыл бұрын Каспи теңізіне қосылып жатқан. Оған дәлел ретінде қызыл балықтың,киттің омыртқа сүйектерінің тасқа айнала бастаған түрі табылғандығын алға тартады. Бұл сүйектер теңіздің терістік бетіндегі қазіргі Сарышығанақ, Ақеспе тұсынан 80 метр тереңдіктен табылған. Осы мәліметтер теңіздің кезінде мұхитпен қосылып жатқандығын көрсетеді.
    Сондай-ақ, Арал маңынан акуланың тісмен сүйегі табылған. Осындай мәліметтерден қырдың етегі бір кездері толған деген қорытынды шығаруға болатын секілді. Ал, теңіз толқыны Тербенбеске соқпағалы қай заман болды екен? Бұл жағы белгісіз. Бір білетініміз, Тербенбеске жақын маңнан жаңа тас дәуіріне (б.з.б. 5-3 мың жылдық) жататын Сексеуіл-1,2 тұрақтары табылды. Демек,осы кезеңдерде бұл маңда адамдардың өмір сүргенін ескерсек,теңіз суы қырдан алыс жатқанын білуге болады. Арал теңізінің бір қайтып,бір толатыны жайындағы аңыздардың растығын осыдан да аңғаруға болатын шығар.
    Сексеуіл тұсынан табылған тұрақтарға ең алғаш көз жіберіп, көне жәдігерлерін жинақтаған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы болды. Жетекшісі Толстов басқарған топ 1955 жылы бірқатар сүйек мен ыдыс сынықтарын табады. Сонымен қатар, сүңгі, найза мен жебе ұштары, тас түйреуіштер, пышақ тәрізді тас тіліктер, ұлутастан жасалған әшекей бұйымдарды кезіктіреді. Тағы бір айта кетерлік тың жаңалық, Сексеуіл тұрақтарынан мал сүйектерінің көптеп табылуы. Олардың 80 пайызы қолға үйретілген мал сүйектері болған. Бұдан жаңа тас дәуіріндегі «жерлестеріміздің» жануарларды қолға үйретіп, асырап-баққан деген қорытынды шығаруға болады.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ


21 маусым 2025 ж. 50 0