Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАС ДӘУІРІНЕН ҚАЛҒАН ТҰРАҚТАР Арал маңындағы алғашқы аңшылар жайлы не білеміз?

ТАС ДӘУІРІНЕН ҚАЛҒАН ТҰРАҚТАР Арал маңындағы алғашқы аңшылар жайлы не білеміз?

Өткен ғасырдың 50-ші жылдары. Кеңес үкіметі тұсында Самара-Ташкент тас жолын салу үшін алдын ала геологиялық барлау жұмыстары жүргізілді. Халықтар арасын байланыстыратын алып соқпақты салудың қамымен жүрген мамандар Арал маңына келгенде күтпеген жағдайға кезігеді. Жер жапсарымен танысу кезінде ежелгі тарихи тұрақтарды табады. Бұл мерзімі белгісіз көне орындар қазіргі Сексеуіл кентінен солтүстік беткейге қарай сегіз шақырым жерде орналасқан. Кейіннен арнайы экспедиция анықтады. Ежелгі тұрақтар неолит (жаңа тас) дәуіріне тиесілі екен. – Бұл біздің заманымыздан бұрынғы 3-5 мыңжылдықтар. Осылайша барлаушылар тапқан бұл қоныстар Сыр бойын қоныстанған халықтардың тарихын 50 ғасырға бір-ақ сырғытты. Бүгінде ғалымдар аймақ тарихын сол дәуірлерден бастау керек деген пікірді айтып жүр. Бұл жағын, әрине, арнайы мамандар саралай жатар. Ал біз осыдан мыңдаған жылдар бұрынғы «жерлестеріміз» жайлы, олардың тіршілігі мен тұрмысы жайлы іздестіріп көрдік.
Кельтеминар қандай мәдениет?
Бұл–негізінен неолит және энеолит дәуіріне жататын археологиялық мәдениет. 1939 жылы С.П.Толстов басқарған экспедиция Хорезмнен осы дәуірге жататын ескерткіштер табады. Ал, ол тарихи жәдігерлер Кельтеминар каналының маңынан табылғандықтан соның атымен аталып кеткен. Кейіннен осы кезеңге тиесілі тұрақтардың барлығы сол мәдениетке жатқызылды. Біз сөз етіп отырған кезең – жаңа тас дәуірі деп аталады. Кельтеминарлықтар негізінен жеміс теріп, балық, аң аулаумен айналысқан. Тіпті, соңғы кезеңдерінде ірі қара малын өсірген.
Негізінен, Еуразия даласында осы неолит дәуіріне тиесілі ірі-ірі бірнеше мәдениет болған. Соның ішінде өзіндік ерекшелігімен өзгелермен текетіресетіні осы Арал маңы, кельтеминар мәдениеті. Бұны біз емес, осы саланың маманы айтып отыр. Археолог Әзілхан Тәжекеевтің сөзінше, бұл тұрақтар бізді біраз жайға қанықтырады.
 –Негізінен, неолиттік дәуірдің ошағы – Түркіменстан, Иран елдері. Қарақұм, Сырдарияның төменгі ағысындағы тұрақтар осы кезеңнің тізбегі болып саналады. Негізінен, теңіз маңындағы тұрақтарды алғашқы балықшылар мен аңшылардың қонысы десек артық айтқандық емес, – дейді археолог.
Сексеуіл тұсынан табылған тұрақтарға ең алғаш көз жіберіп, көне жәдігерлерін жинақтаған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы болды. Жетекшісі Толстов басқарған топ 1955 жылы бірқатар сүйек мен ыдыс сынықтарын табады. Сонымен қатар, сүңгі, найза мен жебе ұштары, тас түйреуіштер, пышақ тәрізді тас тіліктер, ұлутастан жасалған әшекей бұйымдарды кезіктіреді. Тағы бір айта кетерлік тың жаңалық, Сексеуіл тұрақтарынан мал сүйектерінің көптеп табылуы. Олардың 80 пайызы қолға үйретілген мал сүйектері болған. Бұдан жаңа тас дәуіріндегі «жерлестеріміздің» жануарларды қолға үйретіп, асырап-баққан деген қорытынды шығаруға болады.
Теңіздің 5 мың жыл бұрынғы орны қайсы?
Сұрақты бұлай қоюымыздың басты себебі – бүгін тақырыпқа арқау болған тарихи тұрақтар. Сексеуіл кентінің солтүстігінде Тербенбес деген қырат бар. Осы үстіртті шыңды кезінде шалқыған теңіздің жағасы болған деген пікірлер айтылып жүр. Ал, әлгі ежелгі қоныстар осы маңнан табылып отыр. Бұдан 5 мың жыл бұрын бұл жерде адамдар өмір сүрген деп санасақ, ол кезеңде теңіз мұнда болмаған деп топшылауға болады. Бәлкім, одан бұрын немесе кейінгі дәуірлерде болған шығар. Бұл халық арасындағы теңіз суының қайтуы мен оралуы жайлы әңгімені еске салады...
Аралдың адам ашпаған сырлары жетерлік қой. Уақыт тоқтап қалатын нүкте, ұлтанынан табылған алып таңбалар (геглифтер) тағы басқа тылсымдары жетерлік. Сонымен қатар, теңіз суының көз ілеспес жылдамдықпен қайта толатыны жайлы аңыз бар. Бір кездерде айдын алыстап, жаға жоқ болып кететін уақыттар болады екен. Кейіннен араға жылдар салып, шапқан ат қашып құтыла алмайтын жылдамдықпен теңіз суы жағаға ұратын көрінеді. Бұл табиғаттың тылсымы ауыздан-ауызға тиіп, бүгінге дейін жеткен.
Ежелгі тұрақтар жайлы әңгімені естіген соң, арнайы барып көруге бел будық. Алғашында кішкене қалашықтарды елестеткенбіз. Бірақ олай болмай шықты. Тек қазбаның ғана орны бар. Оны да су шайып, көлшік жиналатын құдыққа айналған. Одан әрі Тербенбеске тарттық. Бұл жер бұрын теңіз болған дегенге басты дәлел ретінде бауырында көптеп кезігетін теңіз бақалшақтарын айтуға болады. Одан бөлек, бұл маңнан тасқа айнала бастаған үшкір зат таптық. Орамдала біткеніне қарағанда, ұлудың қабыршағы шығар деп топшыладық. Қалай десек те, бұл жерлер әлі де зерттеуге сұранып тұрғандай.
Археолог не дейді?
Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев:
–Неолит дәуіріне қатысты қазба мәселесі өте қиындау. Себебі, 4-5 мың жыл болған үйлердің формасы сақталмайды. Мұнда тек барлау жүргізіп, материалдарды жинауға ғана мүмкіндігіміз бар. Бүгінде одан жинақталған ыдыс сынықтары мен заттар Арал аудандық музейінде сақтаулы тұр. Танысамын, мыңдаған жылдар бұрынғы дүниелерді көремін деушілер барып тамашалауына болады. Өзім ол тұрақтарға барып, қазба жұмыстарына қатысқам. Ал енді археолог ретіндегі пікірім, Сырдың бойына халықтың қоныстануын сол кельтеминар мәдениетінен, Сексеуіл тұрақтарынан бастау керек деп ойлаймын. Бұл біздің аймақтың тарихын бес мың жылдан бастауға негіз болады.
Енді соңғы кездері зерттеліп жүр ме дегенге келсек, бір кездері италиялықтар, одан кейін Павлодар облысынан осы дәуірді зерттеп жүрген ғалым келіп кетті. Менің де зерттеу нысанымның бір бөлігі осыған арналған. Алдағы уақытта әлде де зерделеп, бүгінімізбен байланысты тұстарын қарастыру керек деп ойлаймын.
Түйін. Арал – тарихи орындар мен қазыналы қамбалардың мекені. Көне қалашықтар мен ежелгі шаһарлардан жеткен жәдігерлер кешегімізді саралауға септігін тигізуде. Сондай-ақ, тас дәуірінен қалған тұрақтар тек Қазақстан аумағындағы ғана емес, халықаралық деңгейде кельтеминар мәдениетінің маңызын көрсетіп отыр. Себебі, 5 мыңжылдық тарих, іргелі мәдениет еуразиялық өркениетке өз үлесін қосады. Сондықтан, бұл кезеңдер әлі де зерделеуді қажет етеді деп санаймыз.
М. ҚҰРМАНӘЛІ.
23 шілде 2018 ж. 2 827 0