Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сор үстіне гүл өскен

Сор үстіне гүл өскен

Кезінде аспанына ақ шағала қалықтап, жағаға толқын ұрып жататын алып айдын Арал теңізі бүгінде жадағай тартылып, көкжиекпен шектескен орнына шаңы бұрқыраған қу дала қалды. Аралдың көз алдында азуы – тек географиялық ғана емес, адамзат баласына бағытталған экологиялық ескерту іспетті. Жердің тозуы, судың тартылуы, өсімдіктің солуы, жердің соры – мұның бәрі тіршіліктің тамырына балта шапқандай болды.
Теңіз ұлтанында бұрын балық жүзсе, бүгін тұз ұшады. Ал сол ұшқан тұз желмен бірге аспанға көтеріліп, алысқа тарап, адам ағзасына, топыраққа, мал мен жанға қауіп төндіріп отыр. Бұл – тек Арал өңіріне емес, күллі Орталық Азияға төнген қауіп. Бүгінде теңіздің 6,0 млн гектар алқабы шөл далаға айналды. Сондықтан да Арал мәселесі – ұлттық шеңберден асып, халықаралық деңгейде сөз болатын, ел Президентінің күн тәртібінен түспейтін ауыр жүкке айналды.
Алайда, қазір үміт үзер сәт емес. Аралдан бас тарту – болашақтан бас тарту. Сол себепті де еліміз бір кездері шалқыған теңіз түбіне жасыл үміт егуді қолға алды. Қарапайым ғана сексеуіл – енді сол үміттің символына айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021-2025 жылдар аралығында теңіздің құрғаған табанын көгалдандыру, орманды белдеуге айналдыру бойынша ауқымды жоба қолға алынды. Жоспарға сай 1,1 млн гектар аумаққа сексеуіл екпелері отырғызылуы тиіс.
Құр сөз емес, нақты іспен дәлелденген бұл бағдарлама өз жемісін беруде. 2021-2024 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 659,1 мың гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, көшеттер егілді. Оның 332,5 мың гектарын облыс деңгейінде жүзеге асырса, 326,6 мың гектары Орман шаруашылығы комитетінің үлесінде болды.
Алдағы 2025 жылы 440,9 мың гектар жерге жасыл желек егу жоспарлануда. Бұл жолы 100 мың гектар облыстық деңгейде, ал 340,9 мың гектар Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бастамасымен жүзеге асады.
Бұл жұмыстарды тек мемлекеттік бюджетке артып қою жеткіліксіз екені белгілі. Осы орайда ел болашағына бейжай қарамайтын мекемелер мен компаниялар да үлестерін қоса бастады. 2024 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бұл жұмыстарға 500 млн теңге қаржы бөлді. Бұған қоса Қызылорда және Түркістан облыстарының әкімдіктері, КАТКО кәсіпорны, «РЛССО» республикалық мекемесімен бірлескен бесжақты келісім аясында қосымша міндеттемелер қабылданды. Бұл келісім арқылы КАТКО тарапынан 2,2 млрд теңге бөлініп, сексеуіл отырғызу жұмыстарының тұрақты қаржыландырылуына мүмкіндік жасалды.
Сексеуіл – жай ғана бұта емес. Ол – шөл мен шөлейтке төзімді, топырақты бекітетін, экожүйеге жан бітіретін, жел мен құмға тосқауыл болатын табиғаттың тамаша сыйы. Ғалымдар оның тамыры 20-30 метр тереңдікке кететінін, ал бір түп сексеуіл бір жылда 4 тоннаға дейін құм ұстауға қауқарлы екенін дәлелдеген. Сондықтан бұл өсімдікті теңіз табанын көгалдандыруда пайдалану – ғылыми негізделген, табиғи шешім.
Жалпы, галофитті өсімдіктерді егу жұмыстары бұған дейін де өз нәтижесін беріп келеді. 2021 жылға дейін 192,8 мың гектар алқапта орман екпелері жасалып, оның 144,3 мың гектары табиғи өсім арқылы орманға айналды. Бүгінде теңіз табанында жалпы 337,1 мың гектардай жер орманмен қамтылған.
Ал егілген көшеттердің шығымдылығы төмен аймақтарда да түзету жұмыстары қолға алынды. 2024-2025 жылдары 26 500 гектар алқап қайта толықтырылып отыр. Сексеуіл көшеттерімен тұрақты қамтамасыз ету үшін жыл сайын 148 гектар жерде уақытша орман тұқымбақтары жасақталады.
«ТОЛҚЫН» ақпарат
27 маусым 2025 ж. 27 0