«Қызылорда-Ақтөбе» бағыты ашылады

Ғимарат заман талабына сай. Айналасы абаттандырылып, жолаушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Нысан екі қабатты. Бірінші қабатта күтушілер залы, касса, ана мен бала бөлмесі, жүк сақтау камералары, лифт болса, екінші қабатында медициналық қызмет көрсету, жүргізушілердің тынығу бөлмесі мен асхана бар.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жағдай жасалған. Автобустар мен жолаушы тасымалы, қызметі жайында «Автобус паркі» ЖШС директорының автовокзал бойынша орынбасары Жансұлтан Елшекенов айтып берді.
– Автовокзалдан күніне «Қызылорда-Ташкент» халықаралық рейсі, облысаралық Астана, Қарағанды, Жезқазған, Алматы, Әйтей, Сарыағаш бағыттарына автобустар қатынайды.
Сондай-ақ ауданаралық бағыт бойынша Арал, Қазалы, Бекарыстан би, Төретам, Жосалыға күнделікті маршрут жүреді. Нысан тәулігіне 200 жолаушыны қабылдайды. Автобустар соңғы үлгіде жабдықталған. Рейстер көбіне түстен кейін ұйымдастырылған. Билет бағасы тиімді.
Мәселен, Ташкентке бару үшін билет құны 4500 теңге, себебі, жолаушыларды үйрету үшін ең төменгі тарифті ұсынып отырмыз. Келушілерге 7 кассир қызмет көрсетеді. Сұраныс артса, санын көбейтуге мүмкіндік бар. Билет онлайн да, касса арқылы да сатылады. Бұдан бөлек, теміржол вокзалынан да қосымша пунк аштық. Себебі, пойыздан түскен жолаушылар сол жерден автобустарға отырады. Тағы бір жаңалық осы айдың ортасында «Қызылорда-Ақтөбе» рейсі ашылады, – дейді ол.
Қазір автовокзалда 15 адам еңбек етеді. Ғимарат пен аумағының қауіпсіздігіне «Ер-Нұр» ЖШС жауапты. Қоғамдық көлік мәселесі де шешімін тапқан. Мұнда 25, 16 нөмірлі маршруттар қатынайды. Сондай-ақ экотакси қызмет көрсетеді.
– Адамдар енді үйренісіп келеді. Бастапқыда шет аймақта орналасқанын алға тартатын. Маршруттар уақытылы жүргеннен кейін келе бастады.
Арнайы байланыс телефондарына күндіз-түні хабарласады, қызмет сапасы жақсарды. Билеттер 3-4 күн бұрын өтіп кетуде. Астана, Алматы бағытына жатын орны бар автобустар шығады.
Бұл халық үшін өте тиімді. Әсіресе, үлкен кісілер мен балаларға, аналарға ыңғайлы. Алдағы уақытта жолаушылар саны артып жатса, жеке кәсіпкерлермен келісіп, билетін ұйымдастырып берсек, олар қосымша автобустар шығаратын болады, – дейді ол.
Сондай-ақ басқа облыстық тасымалдаушылар «Салтанат» автовокзалынан облысаралық Шымкент, Түркістан және ауданаралық Шиелі, Жаңақорған маршруттары тұрақты жүреді. Ал ескі базар аумағынан ауданаралық Жалағаш және ауылдарына арнайы автобустар шығады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арналған Жолдауында «Көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс» деген болатын.
Жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайту мақсатында салынған автовокзал бүгінде алыс пен жақынды байланыстырған алтын көпірге айналды.
Мұнан кейін қала ішіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысып шықтық. Кейінгі кездері қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы көрінісі көз тартады. Әсіресе, орталықтағы үйлер жаңа кейіпке енген. Әрлеу, жөндеу, қаптау жұмыстары жыл сайын жалғасуда. Сыртқы жаңғыртумен айналысатын мердігер «Ақмар» ЖШС-ның өкілі Әміржан Бейсенов атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен айтып берді.
– Осы салада жүргенімізге біршама уақыт болды. Былтыр да қаланың бірқатар көпқабатты тұрғын үйінің сыртын қаптап, сәнін келтірген болатынбыз. Биыл да жаңғырту жұмыстарын қолға алдық. Атап айтар болсақ, Абай, Қонаев, Әйтеке би көшесіндегі және шағын аудандардағы көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғыртамыз. Бұл жұмыстарды бастап кеттік. Қажетті материал арнайы Қарағанды қаласындағы заводтан келеді.
Сапасы өте жоғары. Ыстық, суыққа төзімді. Жөндеу жұмыстарына 56 адам жұмылдырылған.
Мына қапталып жатқаны бесінші үй. Әр тұрғын үйдің құрылысына 12 адам тартылған. Жоғары-төмен түсуге арналған 20 құрылғы пайдаланылуда. Бес ай уақыттың ішінде жұмыс толық аяқталады деп отырмыз. Қазір Абай даңғылы №33, Тоқмағамбетов №1 деп аталатын екі үйді аяқтап қойдық, енді Абай №28, Әйтеке би №26, Қонаев №26-дағы үйлер қапталуда, – дейді ол.
Былтыр 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін жаңғырту жұмыстарын «Ақмар», «ВSG инжениринг» ЖШС жүргізді. Биыл 21 көпқабатты тұрғын үйдің сыртын қаптау үшін мердігер мекеме жұмысын бастап кетті.
Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйді жаңғыртумен қатар, ауласындағы ойын алаңдарын жөндеу жұмыстары да қолға алынған. Былтыр қаладағы 25 көпқабатты тұрғын үйдің ойын алаңы күрделі жөндеуден өтті. Оның ішінде 15 балалар ойын алаңқайын мердігер «Азамат құрылыс» қайта жөндесе, 10-ын «Авангард» ЖШС іске асырды.
Биыл 20 ойын алаңының құрылысына жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім жолданған. Қаражат қаралса, іс басталмақ.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
syrboyi.kz