Гендерлік саясат – қоғам теңдігі

Қазақстан Республикасының гендерлік саясатының негізі болатын 1995 жылғы Ата Заңымыздың 14-бабында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтыны айтылған. Сонымен қатар, Ата Заң Қазақстан Республикасының құқықтық, саяси, әкімшіліктік және жалпы мемлекеттік жүйені құрудың негізгі принциптері мен критерийлерін белгіледі.
Қазіргі уақытта Қазақстан адам құқықтары бойынша, соның ішінде жыныстар арасында тең құқылықты қамтамасыз етуге және әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған 20-дан астам әртүрлі шарттар мен конвенциялардың қатысушысы.
Елімізде бекітілген Қазақстан Республикасындағы гендерлік тепе-теңдіктің стратегиясы билік пен қоғамның әрекет етуінде ерлер мен әйелдердің теңдігіне бағытталған.
Бұл стратегия- еркектер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігіне қол жеткізу жөніндегі міндеттердің шешілуін көздейді. Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру әйелдер мен ерлердің өздерінің өмір сүру құқықтарын жынысқа байланысты кемсітусіз іске асыруы үшін жағдай жасауға ықпал етеді. Яғни, осы арқылы әйелдердің саяси-экономикалық ілгері жылжуы үшін еліміздегі гендерлік саясаттың ұлттық моделі әлеуметтік-экономикалық саясаттың жаңа белесін ашты деуге болады.
Бүгінде елімізде әйелдер қауымының гендерлік теңдікке біршама қол жеткізгендігін көруімізге болады. Қазіргі заманғы әйел тек ошақ басында қалып қоймай, кез-келген салада ерлермен қатар көптеген міндеттерді қатар алып жүруде. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші, бүгінгі күні әйелдер қоғамымыздың барлық салаларында да белсенділік танытуда. Олар қандай қызмет атқарса да, аналық құқығын гүлдендіре отырып, үлкен жауапкершілік пен сенімділіктің, жоғарғы кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, уақыт көшінен қалмай, болашаққа деген сенімнің зор ұйытқысы болуда.
Арал аудандық сотының
бас маманы Л.Ажигулова.
Фото: egemen.kz