Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақыл мен алгоритм дәуірі

Ақыл мен алгоритм дәуірі

Адамзат тарихында әр дәуірдің жаңалығы болады. Ал бүгін біз  Жасанды интеллект дәуірінің куәсіміз. Ойсыз темірге ой беріп, үнсіз кодтарға тіл бітіріп, көзсіз алгоритмдерге көру қабілетін сыйлаған адам – өз дарынының шегін сынап жатқандай. Кеше ғана бізге қызмет ету үшін жасалған компьютер, енді бізбен сұхбат құрып, ой бөлісе алатын дәрежеге жетті.
Жасанды интеллектіні дамыту қазақстандықтар үшін де таптырмас құрал екендігі жөнінде кеңес өткізген Президент Қ.Тоқаев Үкіметке осыны пысықтауды тапсырды. Себебі қазір қолданылатын халықаралық платформалардың кейбір талаптары ұлттық заңнамаға қайшы. Мемлекет басшысы мұндай тәжірибе жеке деректердің юрисдикциямыздан тысқары жерге тарап кетуіне әкелуі ықтимал екенін айтты.
Тоғыз тапсырма тапсырылды
«Жасанды интеллект дүниенің дидарын дамытып жатыр. Қарқыны қатты. Түбі мимен күресетін заманды ЖИ-мен күресетін заман алмастыратын сияқты. Қазірдің өзінде онсыз бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Ол «ұлт дербестігінің кепіліне, экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналып жатыр», – деді Президент жасанды интеллект мәселелерін талқыға салған алқалы жиында. Бірақ салаға қатысты бұған дейін берген тапсырмалар сылбыр орындалып жатқанын сынға алды.
– Мен бұған дейін бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйе құру ісін тездету туралы айттым. Қажетті инфрақұрылымды дайындап, заңнамалық негіз бен мәліметтерді жинау жүйесін әзірлеп, жасанды интеллектті енгізу жұмысын бастауды тапсырдым. Бірақ бұл тапсырмалардың орындалу барысы мәз емес, – деді Президент.
Енді қол қусырып қалсақ, көш соңында қаламыз. Сондықтан Президент цифрлық саясатқа арқау болатын 9 бағытты белгілеп берді. Алдымен жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторына енгізу қажет. Сонда өндірістегі үдерістер жаңаша сипат алады. Тиісінше, еңбек өнімділігі артады. Ал мемлекеттік басқару саласын одан әрі цифрландыру ісін Мемлекет басшысы екінші басымдық ретінде атады.
Үшінші бағыт: елімізде медицина саласындағы ауқымды ақпараттардың негізінде ЖИ көмегімен дұрыс диагноз қоюға әрі ем-шара тағайындау мүмкіндігі.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру ісіндегі жүйесіздік түрлі заңбұзушылықтарға жол беруде. Мысалы, былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізілді. Сол кезде қомақты қаражаттың шығын болғаны анықталды. Цифрлық тәсілдер медицина саласының ашық және тиімді қызмет етуіне ықпал етеді, – деген Президент тапсырмасы өте орынды.
Жасанды интеллект технологиясы тіршіліктің тереңіне тамыр жайған сайын арнайы заңға деген сұраныс артып барады. Мәселен, ЕО, АҚШ, Қытай мен Канада саланы реттеуде өзінің дербес моделін құрастыруға ден қойды. Біз де жаһандық дәуір тынысынан ажырамау керек екендігін айтты Президент. Мұны төртінші міндет деп қойыңыз. Бесіншісі – цифрлық инфрақұрылым дейтін күрмеуі шешілмеген күрделі жайт.
– Біз жақында Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютер кластерін іске қостық. Енді оны іс жүзінде кәдеге жаратуымыз қажет. Осыған орай Үкіметке суперкомпьютердің қуатын әділ бөлу ережесін әзірлеуді тапсырамын. Келешегі зор стартаптар мен ұлттық маңызы бар жобаларға басымдық беру керек, –деген мемлекет басшысы кезекті бағыт ретінде деректерді басқару тиімділігін арттырып, киберқауіпсіздікті күшейту екендігін ескертті. Соңғысының салмағы бөлек, мәні де маңыздырақ. Себебі ЖИ дамуымен бірге қауіп-қатердің мүлдем жаңа түрлері пайда болған. Айталық, нейрожелі арқылы адамның даусы мен бет-әлпетін айнытпай салатын биометриялық көшірмелер алаяқтардың тиімді құралына айналып кетуі мүмкін екенін баса айтқан Президент әрі ақпараттық жүйелердің осал тұстарына тоқталып:
– Киберқауіпсіздік – ұлттық маңызы бар басымдық. Бұл салада кімнің неге жауапты екені нақты көрсетілген бірыңғай басқару жүйесі және заманауи база болуға тиіс. Осы орайда Президент әкімшілігіне Қауіпсіздік кеңесімен бірлесіп, 1 ай ішінде ақпараттық қауіпсіздік саласындағы міндеттер мен өкілеттіктерді қайта бөлу туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді.
Хабар алмасу мен қарым-қатынас орнатудағы қауіпсіздік – осы тақырыптан өрбитін маңызды тармақтың бірі. Бүгінде қолданылып жүрген шетелдік мессенджерлер жеке сәйкестендіру нөмірі секілді дербес мәліметтерді талап етеді. Мұндай тәжірибе кез келген тұрғыдан алғанда қауіпті. Сондықтан Президент түбінде ұлттық мессенджерге көшу жөнінде:
– Қазақстанда отандық Aitu мессенджері әзірленді. Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады. Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек, – деп нақты тапсырма берді.
Соңғы аталған бағыттар ең әуелі адами әлеуетті шыңдау мен инвестицияға жол ашатын қолайлы орта құруға арналмақ. Мақсат айқын – Еуразияның цифрлық жүрегіне айналу. Бірақ уақыт – қыспақта. Президент бүгінгі тапсырмаларды нақты жүзеге асыру үшін небәрі екі айлық межені бекітті. Бұл – босаңсуға емес, ширақ қимылдап, нәтижеге ұмтылуға шақырған белгі.
«Aitu-дың» артықшылығы айтылды
Адамзаттың жаңа тарихы басталды. Ол тарихтың басты кейіпкері – бәрібір адам. Ал жасанды интеллект – сол кейіпкердің ең мықты серігі немесе ең үлкен сынағы болуы мүмкін.
Сынағы дейтініміз, әлемдік сарапшылардың айтуынша, алдағы 10-20 жылда көптеген кәсіп түрлері ЖИ көмегімен автоматтандырылады. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындары пайда болады. Бірақ жұмысшылар саны қысқару қаупі тағы бар. Өйткені «зерде жүйесінің» даму қарқыны адамзат тарихындағы ең жылдам технологиялық өсім.
XXI ғасырдың қарқыны адамды уақытпен жарыстырды. Бір сәтке аялдап үлгермейтін заманда бізге жылдам, ыңғайлы, әрі жан-жақты қызмет көрсететін құрал қажет болды. Міне, сол қажеттіліктен «суперқосымша» ұғымы туды.
Соңғы жылдары елімізде өз суперқосымшаларымыз пайда болады. Мысалы, Aitu – мессенджер, медиа контент, музыка, төлем жүйелері және мемлекеттік қызметтерді бір жерге тоғыстырған отандық жоба. Оның басты ерекшелігі – жергілікті нарыққа бейімделгендігі және мемлекеттік сервиспен интеграциясы.
Жасанды интеллектті дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек. Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады», – деп отандық Aitu мессенджерін ұсынды.
Мемлекет басшысы жыл басынан бері деректердің қолды болуына байланысты 40-тан астам факті тіркелгенін айтты. Мұндай инциденттер құзыреттердің дұрыс бөлінбеуі мен шашыраңқылығы салдарынан болып жатқанын:
– Киберқауіпсіздік – ұлттық маңызы бар басымдық. Бұл салада кімнің неге жауапты екені нақты көрсетілген бірыңғай басқару жүйесі және заманауи база болуы тиіс. Осы орайда Президент Әкімшілігіне Қауіпсіздік кеңесімен бірлесіп, 1 ай ішінде ақпараттық қауіпсіздік саласындағы міндеттер мен өкілеттіктерді қайта бөлу туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деп атап өтті.
Енді ресми органдардың байланысы мен хабар алмасуы Aitu платформасы арқылы жүргізіледі. Бұл қадам мемлекеттік құрылымдарды бірыңғай цифрлық ортаға біріктіріп, ұлттық мессенджер жүйесін қалыптастыруға жол ашады.
Нұрай ӘМІРХАНОВА

Фото: aikyn.kz
19 тамыз 2025 ж. 46 0