Жастардың еңбек мектебі

Бағдарламаның басты мақсаты – жастарды маусымдық еңбекке тарта отырып, олардың уақытын тиімді пайдалануына жол ашу, еңбекқорлыққа баулу және туған жерді көркейтуге үлес қосу. «Жасыл ел» жасағы құрамындағы жасөспірімдер мен студенттер көгалдандыру, ағаш отырғызу, санитарлық тазалық, абаттандыру жұмыстарына қатысады. Бұл бір жағынан экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етсе, екінші жағынан жастардың жауапкершілік сезімін арттырады.
2025 жылы Арал ауданында «Жасыл ел» еңбек жасағына 280 жас тіркелді. Маусым–тамыз айлары аралығында үш айлық мерзімде олардың ішінен 110 жас кезең-кезеңімен маусымдық жұмысқа тартылатын болады. Жастар аудан көлемінде көшелерді көгалдандыру, ағаш отырғызу, гүлзарларды күтіп-баптау, қоғамдық орындарды абаттандыру мен санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізеді. Олардың әрқайсысы белгіленген жалақымен қамтылып, еңбек қауіпсіздігі талаптарына сай нұсқамадан өтеді. Бұл бастама – жастарды жұмыспен қамтуға, еңбекке баулуға, сонымен бірге NEET санатындағы жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Республика көлемінде «Жасыл ел» жасағы жыл сайын ондаған мың жасты уақытша жұмыспен қамтып келеді. Әсіресе жазғы демалыс кезеңінде мектеп пен колледж оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері қоғамдық пайдалы іске араласады. Жасыл елдің қолымен отырғызылған тал-теректер бүгінде еліміздің көптеген аймағында жайқалып өсіп тұр. Сонымен қатар бұл бағдарлама жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алып, олардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Осы тұрғыдан алғанда, «Жасыл ел» бағдарламасы жас ұрпақты тәрбиелеудің, еңбекке баулудың және олардың қоғамдағы рөлін арттырудың тиімді тетігі болып отыр.
«Жасыл ел» еңбек жасағы – ел жастары үшін уақытша жұмыс орны ғана емес, үлкен өмір мектебі. Ол жастардың бойына еңбекқорлықты, отансүйгіштікті, табиғатты аялау мен туған жерді қадірлеуді сіңіреді. Арал ауданындағы 2025 жылғы еңбек жасағының жұмысы – осы бастаманың бір көрінісі. Еліміздің әр өңірінде жүзеге асып келе жатқан бұл игі іс болашақта да жалғасын тауып, жастардың өмірінде із қалдыратыны сөзсіз. «Жасыл елдің» қолымен көгалданған көшелер мен гүлденген қалалар – ертеңгі Қазақстанның жарқын келбеті.
Г.САҚТАПОВА
Фото: автордан