Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңір делегаттары Қызылорда қаласындағы ірі нысандармен танысты

Өңір делегаттары Қызылорда қаласындағы ірі нысандармен танысты

Бүгін өңірлерден келген делегация мүшелері Қызылорда қаласындағы бірқатар әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты.
Алдымен қонақтар қайта жаңғыртудан өткен Тәуелсіздік даңғылы арқылы өтіп, «Отбасы орталығы», «Жаңа Достық үйі», «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылыс барысымен, «Өнер орталығы» ғимаратының сыртқы келбетімен танысты. Бұдан соң делегация «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясының жұмысын көріп, ондағы жасөспірімдердің өнерін дамытуға бағытталған жобаларға жоғары баға берді.
Келесі аялдама - «Анаға тағзым» орталығы болды. Мұнда делегация мүшелері ұлттық құндылықтарды дәріптейтін және ананы құрметтеуге үндейтін орталық қызметімен танысты. Сондай-ақ қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени-демалыс паркінде болып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған жаңа мүмкіндіктерді тамашалады.
Бұдан әрі қонақтар жаңа жылу электр орталығының құрылыс алаңына барып, энергетикалық инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған жобамен танысты. Аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бұл нысан делегация тарапынан ерекше назарға алынды.
Сол жағалауда орналасқан 11 мың орындық жаңа стадион да делегаттардың басты аялдамаларының бірі болды. Мұнда спорт инфрақұрылымының дамуымен танысып, аталған нысанның жастар спорты мен бұқаралық спортты дамытудағы маңызына тоқталды.
Одан кейін делегация облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, Сыр өңірінің бай тарихы мен мәдени мұраларына қанықты. Жолай «Қан орталығы», жаңа Физика-математика мектеп-интернаты, «Жаңа автовокзал», «Шағын өнеркәсіптік аймақ», жаңа көпқабатты тұрғын үйлер, «Оқушылар сарайы» және Үстел теннисі орталығының құрылысымен сырттай танысып өтті.
Сапар соңында делегаттар «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалына аялдап, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға арналған жобамен танысты. Жолай «Музыкалық колледж», қайта жаңғыртылып жатқан «Президент паркі» және «Rixos Qyzylorda» қонақ үйінің құрылыс нысандарын көрді.
Өңірлерден келген қонақтар Сыр еліндегі даму қарқынын жоғары бағалап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың аймақ тұрғындарына игілігін тигізетініне сенім білдірді.

Өңірлік коммуникациялар қызметі
28 тамыз 2025 ж. 100 0