Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҮНСІЗ ҚАЛМА

ҮНСІЗ ҚАЛМА

Бүгінгі таңда еліміздегі сыбайлас жемқорлық мәселесі негізгі проблемалармен қатар өткір тұр. Сыбайлас жемқорлық – бұл үнемі мұқият зерделеуді, жүйелі көзқарасты, кешенді және жедел қарсылықты қажет ететін қазіргі қоғамның жағымсыз құбылысы. 
Себебі сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуын тежеп, қоғамның әлеуметтік, экономикалық және рухани іргесін шайқалтатын қауіпті дерт. Сондықтан елімізде бұл мәселеге қарсы жүйелі түрде күрес жүргізіліп келеді. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар тек құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмей, оның алдын алуға, түп-тамырымен жоюға бағытталғанын көріп келеміз.
Әсілінде, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес оның себептері мен туындауына ықпал ететін жағдайларды жоюдан басталуы қажет. Бұл – қоғамның парасаттылыққа негізделген мәдениетін қалыптастыру және жемқорлық тәуекелдерін азайту арқылы ғана мүмкін болатын күрделі, бірақ маңызды үдеріс. Егер оған қолайлы орта сақталса, жемқорларды ұстау ешқашан бітпейтін жұмысқа айналады.
Осы бағытта мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жемқорлық жасауға итермелейтін жолдар мен себептерді жойып, құқық бұзушылықтарға тосқауыл қойылу қажет. Мұндай нәтижеге қол жеткізу тиімді заңнамалық шаралар қабылдау, цифрлық технологияларды енгізу, жасанды интеллект пен талдау құралдарын пайдалану арқылы жүйедегі әлсіз тұстарды анықтау арқылы мүмкін болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бұл тек мемлекеттік деңгейдегі міндет емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Тек ортақ күш-жігеріміз арқылы ғана жемқорлықсыз орта қалыптастыра аламыз.
Әрине, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – ұзақ мерзімді талап ететін міндет. Оған жан-жақты, кешенді көзқараспен қарап, ағарту жұмыстары, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, сондай-ақ әр адамның бұл күреске белсенді араласуы сынды қағидаттар ауадай қажет.
Соның бірі – сыбайлас жемқорлыққа қоғамда төзбеушілікті арттыру. Бұл мемлекет, азаматтық қоғам мен медиа өкілдерінің бірлескен күш-жігерін талап ететін кешенді үдеріс. Ең алдымен, сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ететін берік құқықтық және институционалдық негіз қалыптастыру маңызды.
Медиа тек жемқорлық фактілерін әшкерелеумен шектелмей, адал еңбектің және азаматтық жауапкершіліктің жағымды үлгілерін көрсетуге тиіс. Тек осындай бірлескен әрекеттер арқылы қоғамда жемқорлыққа деген төзбеушілікті күшейтіп, антикоррупциялық мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға болады. 
Біріншісі – отбасының рөлі. Адамның басты моральдық бағдарлары ең алдымен отбасында қаланады. Ата-аналар балаларына жас кезінен бастап басты адамгершілік қасиеттер – адалдық, әділеттілік және заңға бағыну екенін түсіндіруі қажет.
Қоғамға шын ниетімен қызмет етіп жүрген, табысы аз болса да, елге пайдасын тигізетін адамдарға құрметпен қарауды балаға үйреткен жөн. Егер ересектер өздері қосарланған стандарттарды ұстанбаса, заңсыз жолмен келген байлыққа сүйсінбесе, мәселелерін айналып өтудің жолдарын іздемесе, онда балада ненің дұрыс, ненің бұрыс екені туралы дұрыс түсінік қалыптасады.
Екіншісі – қоғамның рөлі. Әлеуметтік бағдарларды қалыптастырып, қолдайтын қоғамның рөлі де кем емес. Өкінішке қарай, бүгінде қоғамдық санамызда «адал еңбекпен көпке қол жеткізу мүмкін емес» деген жалған түсінік орнығып қалған. Бұл – әлеуметтік әділеттіктің негізін шайқалтатын теріс ұғым.
Егер қоғам заң аясында әрекет ететін, адал еңбекпен күн көретін адамдарды қадірлеп, құрметтейтін болса, ал жемқорлық арқылы байығандарды қолдауын доғаратын болса, онда балалар да соған қарап, дұрыс құндылықтарды бойына сіңіреді.
Әрине, бұл бағытта мемлекеттің рөлі ерекше. Мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыруда үлкен жауапкершілік арқалайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін бірнеше рет атап өткен. Бұл дегеніміз – жүйе ашық әрі әділ болуы керек, ал сыбайлас жемқорлық қылмыстары сөзсіз жазалануға тиіс. Тек осындай жағдайда азаматтар заңға сеніп, оны құрметтеуге бейім болады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, қоғамдағы әділет ұғымын қайта жандандыру қажеттілігіне назар аударды. Адал еңбектің беделін көтере отырып, біз адамның қоғамға шынайы қосқан үлесі негізінде құрмет пен мойындауға лайық болатын тұрақты құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Егер біз осы құндылықтарды қабылдап, заңмен өмір сүріп, тәртіпке құрметпен қарайтын болсақ, сыбайлас жемқорлық мәселесі өзектілігін жоғалтады. Сонда жемқорлық үйреншікті құбылыс емес, оқшау әрі айыпталатын әрекет ретінде қабылданбақ.
Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ілгерілету ең маңызды бастамалардың бірі саналады. Солардың бірі – үнсіз қалмау. 
 
М.ЖАҚСЫЛЫҚ,
«Арал аудандық отбасын қолдау орталығының» 
Әдіснама және ақпараттық-ағарту жұмыстары 
бөлімшесінің басшысы 
300см2
13 қыркүйек 2025 ж. 81 0