ОТБАСЫ - БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Осыған орай қалада «Отбасы – бақыт мекені» атты «Мерейлі отбасы» қатысушыларымен кездесу кеші ұйымдастырылды. Шараға «Өмірзақовтар» отбасы, «Тілеповтер» отбасы, «Шынжановтар» отбасы және «Кемаловтар» отбасы қатысып, көрерменмен емен-жарқын жүздесті. Шуақты кешті «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов жүргізіп, әрбір отбасының тарихы мен құндылықтары жайлы әңгіме өрбітті.
Кеш барысында шаңырақ иелері өздерінің өмір жолы, отбасылық ұстанымдары туралы сыр шертті. Әдемі әндер шырқалып, жүрекке жылы естеліктер айтылды. Мәдениет үйінің қызметкерлері әсем ән орындаса, қатысушы Байнияз Тілепов халыққа «Ерке сылқым» күйін тарту етті. Ал Кемаловтар отбасынан анасы мен қызы «Анамның ақ жаулығы» әнін қосыла шырқады. Шарада арнайы дайындалған видеороликтер көрсетіліп, әсерлі сәттерге толы естеліктер ел назарына ұсынылды.
Кездесу кешіне қатысқан ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз халыққа ақ батасын беріп, игі тілектерін арнады. Шара соңында қала әкімі Ұзақов Батыржан Жансерікұлының құттықтау хаты, мектеп ұжымдарының ізгі лебіздері мен гүл шоқтары мерейлі отбасыларға табысталды.
Бұл кеш – отбасы құндылығын дәріптеген, ұрпаққа үлгі болар өнегелі шара болды. Әр шаңырақта шаттық пен береке орнап, әр әулеттен ар-намысын биік ұстайтын, ұлт рухын асқақтататын парасатты ұрпақ өсіп-өнсін! Отбасы мерекесі – бірліктің, сүйіспеншіліктің, мәңгілік махаббаттың мерекесі болып қала бермек.
Г.ӘЛНИЯЗИНА