Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күзгі суықта ауырып қалмас үшін не істеу керек?

Күзгі суықта ауырып қалмас үшін не істеу керек?

Салқын күндер басталғанда дәрігерлерге жүгінушілер саны артады. Себебі иммунитет әлсіреп, күн сәулесінің жетіспеушілігі мен ауа райының құбылуы ағзаны вирустарға әлдеқайда осал етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алғашқы салқын тиді-ақ медициналық орталықтарда пациенттер көбейіп, терапевттерге кезек ұзарады. Көбінесе адамдар жедел респираторлық аурулардан бастап тұмауға дейінгі сырқаттарға шағымданады. Мұның негізгі себебі – күзде суық ауа мен күннің азаюы иммундық жүйенің әлсіреуіне ықпал етеді.

 Неліктен иммунитет төмендейді?

Ұйқысыздық пен шаршау. Күннің қысқаруы мелатониннің – терең ұйқыға жауап беретін гормонның – бөлінуін азайтады. Соның салдарынан ұйқы сапасы төмендеп, созылмалы шаршау мен еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі байқалады.

D дәруменінің тапшылығы. Күн сәулесінсіз ағза D3 дәруменінің белсенді түрін синтездей алмайды. Ол кальцийді сіңіруге қажет. Оның жетіспеушілігі шаштың, тырнақтың, терінің және тістің әлсіреуіне әсер етеді. Деңгейін тексеру үшін талдау жасаған жөн.

Инфекция қаупінің артуы. Ультракүлгін сәуле азайғанда ауадағы озон да төмендейді, нәтижесінде вирустар мен бактериялар ұзақ сақталады. Сондықтан күзде тұмау мен суық тию жиілейді.

Паразиттік инфекциялар. Құрттар, зиянды бактериялар мен саңырауқұлақтар ағзадағы қоректік заттарды «тартуы» мүмкін, бұл иммундық жүйені әлсіретеді. Күмән туған жағдайда талдау тапсырып, қажет болса ем қабылдаған жөн.

 Иммунитетті қолдаудың қарапайым жолдары

Теңгерімді тамақтану. Рационға маусымдық көкөніс пен жеміс қосып, тәттіні азайтыңыз. Асқазан-ішек мәселелері болса, дұрыс тамақтану жоспарын гастроэнтерологпен кеңесіп жасаған жөн.

Физикалық белсенділік. Спортпен айналысу, гимнастика жасау немесе күнделікті серуендеу ағзаны нығайтып, инфекцияларға төзімділікті арттырады.

Сапалы ұйқы. Толыққанды демалыс – вирустарға қарсы тұру қабілетінің тікелей кепілі.

Шынығу. Бастау үшін таңғы душ қабылдап, судың температурасын біртіндеп төмендетуге болады.

Зиянды әдеттерден бас тарту. Темекі шегу мен алкоголь ағзаны қосымша әлсіретеді.

Дәрумендер мен қоспалар. Дәрумендік кешендерді немесе биологиялық белсенді қоспаларды қабылдауды дәрігермен кеңесіп шешкен дұрыс, бұл ағзаға артық салмақ түсірмеу үшін қажет.
28 қыркүйек 2025 ж. 237 0