Мектептің жүрегі – мұғалім

Мәлік Ғабдуллиннің "Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді" дегеніндей, Айнұр Өтебайқызы көрген жанның көңілінде нағыз ұстаздың қандай болатынын көрсетіп тұрады. Балаға деген мейірімі, ата-аналарға деген ерекше мінезі оның болмысын бөлектейді.
Білім – адамзат өркениетінің алтын қазығы. Осы құндылықты жас ұрпақ санасына сіңіруде педагогтардың еңбегі айрықша. Сол себепті Айнұр апай бірнеше жыл бойы сапалы білім беріп қана қоймай, оқушылардың жан-жақты дамуына, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне күш салып келеді. Ол – үнемі ізденісте жүретін, кәсіби шеберлігін жетілдіруге ұмтылатын білікті педагог.
Ұстаз халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияларға белсенді қатысып келеді. 2025 жылы профессор Баймырза Кожамберлиевтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ руханияты және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарды жетілдірудің әлеуметтік-мәдени негіздері» атты халықаралық конференцияға қатысып, баяндамасын ұсынды.Сол жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған Ұлттық конференцияда «Сабақты зерттеу: идеядан тәжірибеге» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. Бұл еңбектері – оның педагогикалық жаңашылдыққа ашық кәсіби тұрғыдан үнемі дамып келе жатқанын көрсетеді.

2024 жылы білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Қызылорда облыстық оқу орталығы ұйымдастырған «Педагогикалық идеялар» байқауында ІІ орын иеленді.
«Кітап оқы, ойға тоқы» аудандық чемпионатында ІІ орынға ие болды. 2020 жылы Ұстаздар күні қарсаңында тағы да «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Бұл марапаттар – оның қажырлы еңбегі мен шығармашылық ізденісінің айғағы.
Айнұр Өтебайқызының шәкірттері де биік белестерді бағындыруда.
2024 жылы шәкірттері – Д.Аралбаева, А.Тілеумұратов, А.Карбозина «Алтын белгі» иегерлері атанса, Н.Жүсіп пен Б.Қартбаев «Үздік аттестатқа» ие болды.
2020 жылы – А.Жайылғанов мен Қ.Маханшаев «Алтын белгіге» қол жеткізіп, ұстаз еңбегіне алғыс ретінде «Біркөлікке» жолдама берілді.
2018 жылы – Е.Зиянсызов «Алтын белгі» иегері атанып, еңбегі үшін Астана қаласына туристік саяхатқа жолдама жасалды.
2020 жылы №62 мектеп-лицей түлегі Қайырла Ранай Нұрлыбекқызы ҰБТ-да 126 балл жинап, аудан мектептері арасындағы ең жоғары нәтиже көрсетті.
Аймырзаева Айнұр Өтебайқызының шәкірттері – аудан, облыс, республика деңгейінде білім биігін бағындырып жүрген дарынды жастар. Әрбір оқушы жетістігі – ұстаз еңбегінің айқын көрінісі.
Ұстаздың педагогикалық тәжірибесі әдістемелік еңбектер мен баспасөз беттерінде де жарияланып келеді.
«Мектептегі оқу-тәрбие жұмысы» әдістемелік нұсқаулығы, «Тәжірибе алаңы – шығармашылыққа жетер жол» әдістемелік жинағы, «Қазақстан мұғалімі» республикалық газетінде жарық көрген мақалалары – соның айғағы.
Аймырзаева Айнұр Өтебайқызы – шәкірт жүрегіне білім нұрын сепкен, кәсіби біліктілігімен танылған, жаңашыл ойлы педагог. Оның еңбегі – жас ұрпақтың келешегіне, еліміздің болашағына қосылған қомақты үлес.
Ұстаздың басты ұстанымы – «Оқушы жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі». Алдағы уақытта да ол шәкірт тәрбиелеу жолында талмай еңбек етіп, білім биіктерін бағындыра беретіні сөзсіз.
№292 орта мектеп директорының бастауыш сыныптар оқу ісі жөніндегі орынбасары, тәжірибелі ұстаз:
– Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін. Өзім бала кезде мұғалімдердің табиғатынан қандай ерекше қасиет пен мақпалдай мінез көрсем, соны әдетке айналдырдым. Бойыма сіңіріп, барынша солардай болуға тырыстым. Бүгінгі дәрежеге жетуім мен көрген ұстаздардың өненесі. Мен де өз алдымда отырған шәкірттер – болашақ мұғалімдерге үлгі болып, ұстаздықтың құнын төмендеткім келмейді, – дейді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: "Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім" деген екен. Осы сөзге мысал бола алатын Айнұр Аймырзаевадай ұстаздар барда ауданның білім саласы өркендей бермек.
Оңталап ЖОЛДАСОВ