МӘМС аясында катарактаны емдеу

Кызылорда қаласының тұрғыны Николай Панкин көру қабілетінің нашарлауына байланысты емханаға жүгінген. 75 жастағы жүргізушіде катаракта анықталды. Көп бейінді облыстық ауруханада факоэмульсификация әдісімен ота жасалды.
- Ауруханаға алғаш рет түстім. Бұған дейін денсаулығым сыр берген жоқ. Көлік жүргізгенде көруім нашарлап, көзім бұлдырап кетті. Оң көзіме ота жасалды. Қазір анық көремін! Келесі айда сол көзіме ота жасалады. Осының бәрі МӘМС аясында тегін жүргізілді. Дәрігерлерге алғысым шексіз, – дейді Николай Панкин.
Облыстың бас офтальмологы Бағжан Өтепбергеновтің айтуынша, бұл ота бұлыңғырланған табиғи көз бұршағын мөлдір жасанды линзаға алмастыруға бағытталған. Ультрадыбыстық процедура ауыртпалықсыз және небәрі 10-15 минут уақыт алады.
- Факоэмульсификация тігіссіз және ұзақ оңалтуды қажет етпейді. Орташа есеппен мұндай отаның құны – шамамен 600 мың теңге. Бірақ МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтарға ол толықтай тегін. Көру қабілетін жылына кемінде бір рет тексеріп тұруды ұсынамыз. Әсіресе 40 жастан асқан азаматтар глаукоманы ерте анықтау үшін скринингтен өтуі қажет, — деп атап өтті Бағжан Өтепбергенов.