«Қуыршақ театрының» қойылымы
Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрдың кіші залында белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қасымхан Бегмановтың «Ұр тоқпақ» қуыршақ спектаклі сахналанды. Спектакльдің режиссері Еркебұлан Қабдыл.
Қазақ халқының ауыз әдебиеті арқылы жеткен ертегілерінің бірі – «Ұр тоқпақ». Оқиғасы қызық, тәлімі терең хикаят. Халықтың арман-қиялынан туған десек те, астарында әділдік, адамгершілік ұғымдары жатыр.
Бүгінде «Ұр тоқпақ» ертегісі балаларға арнап сахналанатын танымал қойылымдар қатарында. Театр жанындағы «Қуыршақ тобының» бүлдіршіндері қойылымды түрлі бейнелі қуыршақтармен, қызықты музыкалық сүйемелдеумен көрсете отырып, кішкентай көрермендерді ертегінің тәрбиелік мәнін түйсіне білуге шақырды.
Расында, қым-қуыт оқиғасымен елітіп әкететін қызықты ертегіні балалар ынта қойып тамашалады. Ал қуыршақ кейпіндегі кейіпкерлер өздеріне тиесілі рөлді сәтті ойнап шықты.
Оқиға желісінде кедей шалдың тұзағына ілініп қалған қаздың жай қаз емес, данышпан Қазбай болғаны бас кейіпкердің өміріне тосын өзгеріс әкеледі. Ол өзін тұзақтан құтқарғаны үшін шалға үш қасиетті зат сыйлайды. Олар – «Піс, қазан», «Құс, есек» және «Ұр, тоқпақ!». Бұл үш заттың ерекшелігі сол, бұйрық берілсе болды, қас қағымда орындайды.
Шал жолаушылап келе жатқанда, жолында кездескен пиғылы бөтен адамдар оның аңқаулығын пайдаланып, әлгі бұйымдарды ұрлап кетеді. Алайда «Ұр, тоқпақтан» әбден таяқ жеген олар алған заттарын дереу иесіне қайтарады. Осылайша оқиғаның бас кейіпкері мұратына жетеді.
Ертегінің түйіні – қайырымдылық, әділдік, адамгершілік. Бір сөзбен айтқанда, балаларды осындай жақсы қасиеттерге жетелейді.
Спектакльдің қоюшы суретшісі және костюм жөніндегі суретші Нұрахат Иманғалиев, қуыршақтарды дайындаған Николай Проскурин, Жандос Сарпеков, Болат Аманқұлов. Музыкамен көркемдеген Нұрсұлтан Төрәлі, балетмейстері Маржан Әбішева, режиссердің ассистенті Нұрбек Ерден.
Шығармашылық топтың еңбегімен дайындалған қойылым балаларға ерекше әсер сыйлады.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
syrboyi.kz