Келісімсіз неке – қылмыс

Қазақ тарихында қыз баланың тағдырына ерекше мән берілген. «Қыздың жолы жіңішке», «Қыз – қонақ» деп, қыз баланы төрге отырғызған, оны ардақтап құрметтеген. Қызға қалың мал беріп, екі жақтың ризалығымен құда түсіп, той жасап, ел алдында батасын алып, үйлену нағыз дәстүрдің үлгісі. Ал қазіргі кезде орын алып жатқан қызды еріксіз алып қашу, зорлықпен некеге отырғызу, бопсалау дегеніміз тек моральдық қателік емес, заң бойынша ауыр қылмыс. Мұндай жағдайларда қыздың тағдыры ғана емес, оның отбасындағы ата-ананың, туыстарының, тіпті бүкіл қоғамның ар-ұяты тапталады. Бір сәттік ойсыз әрекет – бір өмірдің тағдырын өзгертеді. Кейбір алып қашу оқиғалары қайғылы жағдаймен аяқталып, қыздардың өміріне, психологиясына ауыр соққы болып жатады. Зорлыққа ұшыраған қыз бала қоғамнан оқшауланып, өзіне деген сенімін жоғалтады, ал кейбірі тіпті өз өмірін қиюға дейін барады. Бұл жағдай жеке адамның емес, қоғамның трагедиясы екенін естен шығармауымыз тиіс.
2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап күшіне енген,Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 125-1-бабында некеге тұруға мәжбүрлеу қылмыс деп көрсетілген.Қызды еркіне қарсы алып қашу, үйде ұстау, зорлық көрсету дәстүр емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әрекет.Заңды бұзған адамға жеңіл жаза жоқ.
Бұл әрекет үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сондықтан әрбір ата-ана өз баласын тәрбиелеуде ең алдымен құрмет пен келісім қағидатын ұқтыруы керек.Ұл баланы ерлікке емес, әдеп пен жауапкершілікке үйрету – нағыз тәрбие.Қызды алып қашқан ер азамат батыр емес, керісінше, әлсіздік танытқан адам. Шын ер жігіт сүйгенін қорқытпай, сыйлап алады.Өз махаббаты мен ниетін ашық айтып, қыздың келісімімен отбасы құру – нағыз азаматтық пен адамдықтың белгісі.Қыз алып қашуға қоғам бейжай қарамауы керек.Өйткені ол – бір отбасының емес, елдің мәселесі. Әрбір тұрғын мұндай жағдайға куә болса, құқық қорғау органдарына хабарлап, әділдікті талап етуі тиіс.Жастар да бұл мәселені дұрыс түсінуі қажет. Бақыт пен махаббат – зорлықтың емес, өзара құрмет пен келісімнің нәтижесі.
Қорыта айтқанда:
Қыз алып қашуды «дәстүр» деп түсіну ұлттық құндылықты қорлау, нағыз дәстүр сыйластық, ақ тілек, разылық және ізгілік. Біз ұрпақ тәрбиелеп отырған елміз.Біздің міндет қыз баланың көз жасын емес, күлкісін көру. Қаракөздеріміз бақытты болса қоғамымыз да берекелі болады деген сөз. Қыз алып қашу дәстүр емес. Бұл – қылмыс.Әркім осы ойды жүрегіне түйсе, қыз баланың қадірін сақтауға атсалысса, сол қоғамның болашағы да, мәдениеті де биік бола түспек.
А. ЖАНЕСЕНОВА,
Арал аудандық прокуратурасының аға прокуроры
Фото: Н. Нұржаубай