Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда қыс қандай болады? – Синоптиктер болжамы

Қазақстанда қыс қандай болады? – Синоптиктер болжамы

Синоптиктер 2025 жылғы қарашадан 2026 жылғы наурызға дейінгі маусымдық ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қараша айында Қазақстанның көп бөлігінде қар жауады. Ал оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарда – қармен аралас жаңбыр күтіледі. Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда екпінді жел, боран, көктайғақ және тұман болуы мүмкін.

Ай бойы температура жиі өзгеріп отырады:

Солтүстікте, орталықта және шығыста түнде – +5-тен -20 градусқа дейін, күндіз – +10-нан -15 градусқа дейін;

Оңтүстік пен оңтүстік-батыста түнде – -3-тен +7 градусқа дейін, күндіз – +1-ден +18 градусқа дейін.

Жалпы, қараша айында ауа температурасы еліміздің барлық аумағында бір градусқа нормадан жоғары болуы күтілуде.

Қазақстанның көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормасына жақын, ал батыс және солтүстік-шығыста нормадан сәл артық болады. Қыс салыстырмалы түрде жылы болып, жауын-шашын климаттық норма шегінде болады деп күтілуде.

Кейбір кезеңдерде қарлы жауын-шашын, боран, екпінді жел, көктайғақ және тұман болуы мүмкін.

Желтоқсан
Қазақстанның көп бөлігінде ауа температурасы нормаға сай болады. Солтүстік-батыстың жартысында нормадан бір градус жоғары, ал еліміздің солтүстік-шығысында нормадан бір градус төмен болуы мүмкін.

Жауын-шашын мөлшері болжам бойынша:

Республиканың көп бөлігінде нормаға жақын;

Орталықта, елдің шығысының көп бөлігінде, солтүстік өңірдің оңтүстік жартысында және оңтүстік облыстардың солтүстігінде нормадан аз.

Қаңтар
Ауа температурасы елдің көп бөлігінде нормасына сай болуы мүмкін. Ал республика шығысында нормадан бір градус төмен болуы ықтимал.

Жауын-шашын мөлшері болжам бойынша:

Республика көлемінің көп бөлігінде нормаға жақын;

Елдің оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы және тауға жақын аудандарда нормадан көп.

Ақпан
Елдің барлық аумағында айлық орташа ауа температурасы нормадан 1–2 градус жоғары болады деп күтілуде. Жауын-шашын мөлшері климаттық норма шегінде болады.

Наурыз
Еліміздің барлық аумағында ауа температурасы нормадан бір градус жоғары болады деп болжануда.

Жауын-шашын мөлшері болжам бойынша:

Республика көлемінің көп бөлігінде нормаға жақын;

Елдің оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы және тауға жақын аудандарда нормадан көп;

Елдің батыс бөлігінің көп бөлігінде нормадан аз.

Синоптиктер маусымдық болжамды тек кеңес түрінде жасайды. Ауа райының болжамы тоқсан сайын, кейін айлық, онкүндік және апталық деңгейде ұсынылады.

Дегенмен, қазірдің өзінде 2025–2026 жылғы қыста Қазақстанда қалыпты аяз бен боран болатыны айтылады. Аса қатты температуралық ауытқулар немесе жауын-шашындар күтілмейді. Бірақ табиғаттың түрлі тосынсыйлары болуы мүмкін.

Сондықтан ауа райына сай киіну және болжам жаңартуларын қадағалау ұсынылады.

Фото: Нұрболат Нұржаубай 
17 қазан 2025 ж. 104 0