Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұлдыздар ағып түскенде...

Жұлдыздар ағып түскенде...

Күн ұясына батып, төңіректі түн қараңғылығы басқанда аспан денесінде жарқыраған жұлдыздардың әсем көрінісі көз тартады. Жұлдызға қызықпайтын, оның жарқырап жымың қаққанына құмартпайтын адам кемде-кем шығар. Әсіресе, бала қиялында жұлдыз биіктегі ең ғажайып көрініс. Қазақта «Жұлдызың жоғары болсын», «Жұлдыздай биікте жарқыра», «Еліңнің жұлдызы бол» деген ізгі тілек бар. Бұл өсіп келе жатқан балаға айтылатын жақсы сөз. Ал осы құпияға толы аспан денесі кейде ағып түседі. Бүгін «жұлдыздар неге ағады?» деген сұраққа жауап іздейміз.
Биіктіктен төменге құлдырай аққан жұлдыздың соңында әдемі шоқ тәрізді ұшқындары шашырай жерге жақындай келе ғайып болады. Бала күнімізде аспандағы жұлдыздарды санап, жетіқарақшыны іздеп өзімізше қызықтайтынбыз. Ойын баласы үшін түнгі ермек сол болатын. Күндіз сай-саланы кезіп, үй бетін көрмей ойнайтын біз тыныш түнде масахана ішінде аспан денелерін қызықтап, қиял әлеміне сүңгіп кететінбіз.
Аспанда тізбектелген шоқ жұлдыздар. Әрқайсысы әр қырдан жылт ете түсіп, көздің жауын алады. Өзімізше ішінен ең жарығын, ең үлкенін таңдап алып «анау менің жұлдызым», «мынау менің жұлдызым» деп иемденеміз. Сол сәтті бір жұлдыздың ағып бара жатқаны көзге көрінеді. Ал бәріміз жапырлап арман, тілегімізді айтуға кірісеміз. Өйткені біздің әңгімеміздің тыңдап жататын әжеміз «Жұлдыз аққанда айтқан тілек қабыл болады» деп айтатын. Жер бетінде қанша адам болса, аспанда да сонша жұлдыз бар дейтін әжем. Кейде бір адам өмірден өтсе, бір жұлдыз ағып түседі деп те айтқаны бар. Содан болар өмірден қыршын кеткен адамды аққан жұлдызға теңеп жататыны.
Ал жұлдыздың ағуын астрономия ғылымы «жердің атмосферасынан өткен ғарыштағы тастар» деп түсіндірген. Аспан тастары жер атмосферасынан өтер-өтпес ондағы молекулалар мен атомдарға соқтығысып, қатты қызып, от болып жанатынға ұқсайды. Соның салдарынан жарқырайды екен. Бірақ, қасқағым сәтте түгелдей жанып кетеді. Бұндай тастар ғылымда «метеор» деген атаумен белгілі. Әйтсе де, бірлі-жарымы атмосферадан өтіп жерге түсіп жататын кездері де болады. Мұны «метеорит» дейді.
Жұлдыздың ағуы үнемі ұшырайтын табиғат құбылысы. Ал метеорит көп кездесе бермейді. Анығында, ақпа жұлдыз бен метеорит мәні жағынан ұқсас, бәрі де күн жүйесіндегі үлкенді-кішілі тас кесектері, әрі олар түрлі орбитада айналып жүреді. Кейде Жер шарына кездеседі де, жердің атмосфера қабатына еніп кетеді. Олар секундына жүздеген шақырымдық жылдамдықпен аса тез қозғалатындықтан, жердің атмосферасында үйкелістен қатты қызып жанып кетеді де, найзағай оты сияқты жарқырап барып, жоқ болады. Метеорлардың көпшілігі солай ауада жанып таусылады. Сондықтан жер бетіне түсу құбылысы аз кездеседі. Жердің атмосфера қабатына енген метеорлар өте үлкен болып, атмосферада жанып бітпей қалса, онда сол жанып таусылмаған бөлігі адамзат мекеніне «қонақ» болып түседі. Оны басында айтып кеткеніміздей метеорит деп атайды.
Иә, аспанды безендіріп тұрған сансыз көп жұлдыздардың нақты саны қанша екені тек бір Аллаға ғана аян. Алайда, олардың не үшін жаратылғандығы туралы қасиетті Құранда анық жазылған. Сонымен, жұлдыздар 3 түрлі мақсатта жаратылған. Адасқанда жол табуға көмектесу мақсатында, аспанды безендіру үшін, аспаннан xабар ұрлаушы жындарды ату үшін. Негізінде, жұлдыздар көктен хабар тасушы жын-шайтандарды ату үшін ғана ағады. Бұл туралы Құранда: «Әрі оны әрбір қуылған шайтаннан қорғадық. Ал кім ұрланып тыңдаса, оны анық бір жалындаған аспан денесі қуады», – делінген. Пайғамбарымыздың өзі де: «Сөйтіп, періштелер не дегенін хабарлайды. Осылай аспандардың тұрғындары бір-бірінен хабар сұрай отырып, хабар төменгі аспанға жетеді. Сонда жындар ұрланып тың тыңдап, сыбайластарына яғни көріпкелдер мен балгерлерге жеткізеді. Сол кезде жындар жұлдызбен атқыланады», – деген. Демек, кей балшылардың сөзінің тура келіп қалатынының түсіндірмесі осы. Бірақ мәселе олардың дәл айтқанымен өзгермейді. Себебі табылуы тиіс нәрсе сәуегейге барсаңыз да, бармасаңыз да табылады.
Үй үстінде ұсақ тас,
Алайын десең, алынбас, – деген жұмбақты бала кезімізден бәріміз де жаттап өстік. Қай жағынан алып қарасақ та қараңғы түнге сән берген әсем жұлдыздар баланы да, үлкенді де қызықтырады. Тіпті халқымыздың жұлдызды әнге қосып, қыздарына «Жұлдыз», «Жұлдызай» деген көркем есімдер беру осы бір аспан денесіне деген ерекше ықыластан туса керек.
Н. БАҚЫРАН
21 қазан 2025 ж. 67 0