Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сүмбіле туса...

Сүмбіле туса...

Кешкілік отбасымызбен шәй үстінде әңгімелесіп отырғанбыз. Сонда әкемнің «енді күн суытады, жем-шөп алып қоя беру керек. Таразы туыпты, енді жақын арада Сүмбіледе туады» деген таныс емес сөзі маған бірден қызық көрінді. Алаңсыз отырған жерімнен маған таңсық көрінген бұл сөз туралы бірден әкемнен «Таразы, Сүмбіле деген не?» деп сұрай кеттім. Ол мен үшін қызық болып, әкемнің айтқанымен қоса үйдегі Х.Әбішевтің «Аспан сыры» деген кітабын оқыдым. Осылайша таңғажайып аспан әлеміндегі жұлдыздар сырын қысқаша баяндағым келді.
Осы күнгі ғылымда «Орион жұлдызы» деп жүргені қазақтың осы «Таразы» жұлдызы екен. Қазақ есепшілері таразы жұлдызы жаздың ең ыстық кезі қырық күн шілде өткен күні түнде туады деп есептейді. Кей жылдары отыз тоғыз күн, кей жылдары қырық бір күн өткен соң көк аспанда таразы жұлдызы көрінеді. Қазақтың «қырқына шыдаған, қырық біріне де шыдайды», «қырқына толмай қыдырған жаман ырым» деген тәмсіл сөзі бар. Бұл осы жұлдыздардың аңызына байланысты туған сөз. Расында, әр жылы жаз айларында таразы жұлдызы туған күннен бастап, жаз таңы салқын тарта бастайды. Таулы өңірлердегі шөп, гүл бастарына таңға жақын қырау не мөлдір шық қонады. Осы кезден бастап диқандар егінге орақ қоя бастайды, күз өнімдерін қауырт жинайды. Күз шабындықтарын шабады, төрт түлік малдың жем-шөптерін әзірлейді. Міне, әкем де осындай қажетті жұмыстарды бастау үшін аспанға қарап, таразы жұлдызының тууын күтіп жүр еді. Қазақта таразы жұлдызын «күз жұлдызы», «салқын жұлдыз» деп атайтыны да осыдан екен.
«Таразыда таң салқын, самал болар,
Қора-қолтық малдарға қамалболар.
Көкте туған таразы жұлдыз болса,
Кіретін қыркүйекте «амал» болар.
Таразыда ақ жауын жауып өтер,
Аппақ болып қар жауса, еріп кетер.
Бидай тары піскенде таразыда
Шаруалар егіндерін теріп кетер» деген қазақ арасында таразы жұлдызы туралы айтылған өлеңі де бар. Таразы – көбіне қыстың күні таңға жуық көрінетін шоқ жұлдыз, орион. «Үш Арқар» немесе «Таразы» жұлдызы үркер жұлдызынан жиырма күндей кейін шығыстан таң ата туады. Ал батқанда үркермен бір күнде батады. Таразы шоқжұлдызы шілденің ортасы ауа шығыстан көрініп, күз, қыс бойы үркердің соңын ала тіркесіп, батысқа қарай ауады. Таразы туғаннан кейін сүмбіле туады. Сүмбіле – тамыздың соңы, қыркүйектің басы аралығына пайда болады. Қазақ халқы бұл айдың алғашқы жартысын «Лақ Сүмбіле», екінші жартысын «Теке Сүмбіле» деп атайды. «Сүмбіле туып, күз болмай, көгорай шалғын оңар ма?» деп Шортанбай жырау жырлағандай, Сүмбіле жаңбыр болып өткен жердің көдесінің түбі көк, малға от болады деп, жылқыны қыста сол жерге тебіндеткен.
Қазақта «Таразы туса таң суыр, Сүмбіле туса су суыр» деген сөз бар. Яғни қыркүйектің соңғы он күнінде күз келеді, жаңбыр жауады. Сүмбіле жұлдызы туған кезден бастап өзендердің суы салқындай бастайды. Сүмбіленің көк аспанда көрінуі қыстың алғашқы лебімен тұспа-тұс келеді. Сүмбіле туған соң суда сүлік өле бастайды. Және «Сүмбіле туса сұмпиып, ат тойынар құнтиып» деген сөз бар. Бұл сүмбіле тууымен күн салқындап, жылқы баласына шыбын-шіркейсіз мезгіл басталатынын, әсіресе суда сүлік өліп, жылқылар жақсы жайыла бастайтынынан болса керек. Осындай уақытта өзен-көлдерге шомылу аса қауіпті деседі.
Қоңыр күздің ортасы ауа үркер бастаған таразы, сүмбіле бірінің соңынан бірі тіркесе отырып батысқа қарай шеру тартады. Бұл кезді есепшілер «жұлдыздар тіркесіпті» дейді. Ал наурыз айының ортасы ауғанда үркер, таразы, сүмбіле батыс бетте бір қатар түзейді. Яғни қоңыр күз ауа үркердің соңын ала бірінен соң бірі тіркескен жұлдыздар көші ендігі уақытта бір қатар түзеп, теңеседі. Бұл уақытта атам қазақ «жұлдыздар теңесіп қалыпты, күн мен түн теңескен екен әрі қарай күн ұзара бастайды» деп уақыттың мезгіл-мезетін шамалайды.
Құндызай ӘСЕТҚЫЗЫ,
№2 ОММЛИ оқушысы
20 тамыз 2024 ж. 163 0