Бозқырау – қазан айы

Кейбір зерттеуші ғалымдар ай атының этимологиясын соғым сойылып, бие ағытылатын кезбен байланыстырады. Қымыз болмағандықтан, жұрт етке қарайды, сондықтан қазан көтеріліп, ет асыла бастаған кезді «қазан айы» деп атаған. Дегенмен, бұл дерек нақты дәйек бола алмайды. М.Исқақовтың деректерінде қазан сөзі бірнеше мағынаны береді деп түсіндіреді: «Қазан – ауыртпалық. «Қамбар батыр» жырында «қазан аттыққа барамыз» деген сөйлем кездеседі. Ондағы «қазан ат» – жауға мінетін ат» дей келе, қазан сөзін жаугершілік заман, өлім-жітім, соғыс ұғымдарымен байланысты түсіндіреді. Соның негізінде қазан айының атауы осы айда болған қырғын соғыс кезеңімен сабақтас болуы мүмкін деген болжам ұсынады.
Халық есепшілерінің бақылауы бойынша қазан айында жұлдыздар төменнен жоғары тартылған түзудің бойымен тіркеседі. Жоғарыда Үркер және оның Үлпексарысы, одан төменіректе Үш Арқар-Таразы, одан төменде Сүмбіле жұлдызының бірінен кейін бірі қатар түзуін жұлдыздар тіркесіпті дейді. Табиғаттағы бұл құбылыс күн суытып, қыс түсер шақ келді дегеннен хабар береді. Жұлдыздар қазан айында тіркесіп болады. Ал жұлдыздар теңесіпті деген тұрақты тіркес әлгі жұлдыздардың наурыз айында горизонталь түзудің бойымен қатар келуін көрсетеді. 22-24 наурызда Сүмбіле (сол жақта), Үш Арқар-Таразы (ортада), Үркер мен Үлпексары (оң жақта) бір түзудің бойында, күннің батысында тізілген моншақтай болып тұрады. "Жұлдыздар теңесіпті" дегені, ал кейде "Таразы басы теңесіпті" дегені күн мен түн теңелді деген ұғымды білдіреді.
Қазан айында туылғандар қарапайым. Бұл олардың басты ерекшелігі. Қазанда туылған ерлерді түсініп болмайсың, оның сөзінің қайсысы шын, қайсысы жалған, сезу қиын. Ақылды да достықты жоғары бағалайтын, қаржымен байыпты жұмыс істейтін, шешімді көп ойланып қабылдайтын, оның алдында ақылды адамдармен сөйлесіп алатын, алайда көбінесе өз көзқарасын дұрыс санайтын адамдар. Қазанда туылған әйелдер – принципшіл. Сатқындық пен екіжүзділікті кешірмейтін, есте сақтау қабілеті жоғары, өмір бойы шаңырағының шайқалмауы үшін күресетін жандар. Үй шаруасына пысық. Өзін сынағандарды жек көреді.
К.Махсұт