Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шілдеде болар шіліңгір

Шілдеде болар шіліңгір

Шілде – жаздың бел ортасы, аптап ыстықтын шыңы, өсімдіктерден жұпар иісі аңқыған шақ. Шілде айының ыстығы 40 күнге созылатындықтан, қазақтарда «қырық күн шілде» деген ұғым бар. Шілденің аңызақ, аптап күні «Күн шіліңгір» делінеді. Шілденің 20 жұлдызында Таразы (нарық) жұлдызы туып, таң суи бастайды. Қазақтың «Таразыда таң суидысы» осы кез. Қырық күн шілде халық аузында Суыр деп те аталады. «Сұмырай келсе су құриды» деген мақалдағы сұмырай – суыр айы сөзінің мағынасын береді.
Шілде – өте ыстық ай. Бұл сөздң түбірі парсы тіліндегi «чиһал, чиһил» сөзінен шыққан. Қазақ есепшілерінің айтуынша, жаздың ыстығы мен қыстың суығы қырық күндік уақытпен есептеледі. Оны қазақ «жазғы шілде» және «қысқы шілде» деп екіге бөледі. Жазғы шілде 25 маусым мен 5 тамыз арасындағы жаздың ең ыстық қырық күні болады да, оны халық тағы да «Ұлы шілде» деп атайды. Ал қысқы шілдеде 25 желтоқсан мен 5 ақпан арасындағы қыстың ең суық қырық күнін қамтып, бұл кезеңді «Kiшi шілде» деп атап кеткен. Бұл табиғат құбылыстары Үркердің жерге енуі мен тас төбеде шақырайып тұру уақытымен пара-пар келеді.
Сондай-ақ шілде айы байырғы қазақ күнтізбесіндегі жұлдыз (зодиак) айлары бойынша әсет деп аталған. Кейбір деректерде асад деп қолданылады. Асад сөзі араб тілінде «арыстан» сөзін білдіріп, жұлдыз айлары бойынша «Арыстан шоқжұлдызының» атауы болып табылады. Тіліміздегі Әсет, Есет деген кісі аттары осы арабшадағы асад, яғни арыстан мағынасын береді.
Қазақ есепшілері қырық күн шілде өтіп, үркер шоқ жұлдызы көкжиекке көтерілгенде аспан әлемінен қайта көрінгеннен бастап, өсімдік тамыры тереңге тартып, дәнді дақылдар дән ала бастайды, шөп буыны бекіп, дәрілік шөптер қуаттанады. Мұндай жайылымға жайылған мал тез шелденеді. Жайылым малға жұғысты бола бастайды, өрістер шұрайлана түседі. Осыған орай туған қазақта «Күзде аққан су семіз, күз өрісіндегі мал семіз» деген тәмсіл сөз бар.
Ал шілдеде өмірге келген адамдарға өзімшілдік, ұстамсыздық және шыдамсыздық мінездер тән. Өздерін кісі баласына тәуелді етпейді әрі өте тәкаппар. Дос-жарандарының айтқанынан шыға алмайтын көнбіс. Әйелдер күйеулеріне би болуға құмар. Әрқашан бір нәрсеге көңілі толмай, соған жоқ жерден ұрыс шығарып жүреді. Ал ерлер сенгіш келеді, сондықтан жиі қателеседі. Алғашқы махабатында жолы болмаса, сүрбойдақ болып ұзақ жүреді. Барлық сәтсіздіктерге төтеп бере алады және өз тағдырына өкінбейді. Олар отбасында анасына жақын келеді…
К. МАХСҰТ 
01 шілде 2023 ж. 304 0