Мемлекеттік тілдің дамуын жан-жақты қолдау – баршамыздың міндетіміз
 Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі – мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу – біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз.
Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі – мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу – біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз.Ұлттың ұлт екенін танытатын оның тілі, ол ұлттың нәр беретін тамыры. Сол арқылы біз Қазақстан деп аталатын ұлы мемлекеттің ұрпағы екенімізді танытамыз. Кез келген ұлт өз тілімен танылады, ерекшеленеді, еңсесін тіктейді.
Қазақтың ұлы перзентін бала Абайдан дана Абайға көтерген де – осы қасиетті тіл екені айқын. Көңілінде қазақы күй ойнаған, жүрегінде жауһардай жыр орнаған қалаулыларымыз тіл құдіретін мойындап, келте құбылыстарға кесек ойларын айта білген.
«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңның 4-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi екені, және де  Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы екені айқын көрсетілген. Сондай-ақ, осы заңда мемлекеттік тілді қорғау, оның қолданылу аясын кеңейту жөнінде басқа да баптарда жан-жақты айтылғанын жақсы білеміз.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Сот әкімшілігінің басты ұстанымы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін ұлғайту болып табылады.
Осы бағытта әрбір соттардағы кіріс-шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің, қазақ тілінде қаралып жатқан істердің үлес салмағы, судьялар мен сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейлері арнайы бағамдар бойынша сараланып отырады.
Өкінішке орай, ғасырлар қойнауынан бізге аманат етіп жеткізген ана тіліміздің қазіргі қолданылу аясы әлі де көңіл алаңдатарлықтай. Олай дейтінім, 2025 жылдың 9-айында қаралған істердің үлес салмағына жасалған бағам бойынша Қызылорда облысының соттарында азаматтық істер бойынша мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу - 65% құраған.
Ал соның ішінде, бұрындары орыс тілінде бірен-саран іс қаралатын Арал аудандық сотында 2025 жылдың 9 айында азаматтық істер бойынша мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу – 53 % құрап отыр.
Азаматтық процестік заңнамаға сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты белгіленетіндіктен, аудандық сотта орыс тілінде қаралған істер қатарын өзге өңірлерден түсетін арыздар, талап қоюлар құрағанын да айта кету керек.
Тіл туралы заңға сәйкес мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады.
Өкініштісі, осы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге атсалысуы тиіс деген мекемелердің, ұйымдардың іс қағаздарын жүргізуде, процестік құжаттарды, талап қоюларды жазуда орыс тіліне басымдық беретіні.
Жалпы мемлекеттік тілдің еркін қанат қағып кете алмауының басты себебі, өзіміздің оған деген немқұрайлылық танытуымыздан дер едім. Олай дейтінім, кейбір азаматтарымыз заңгерлердің орыс тілінде жазып берген талап қою арызына мән бермей, оны сотқа тапсырып, кейін сот процесінде ол тілді білмегендіктен талабын түсіндіре алмай жатады. Осындай жағдайларды көргенде, не ойлады екен?-деп  қынжылатынымыз рас.
Өз тілін қастерлеген жанның өз елінің болашағына да үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Сондықтан, мемлекеттік тілдің дамуын жан-жақты қолдау баршамыздың абыройлы міндетіміз деп түсінген абзал.
Руслан Алдамбергенов,
Арал аудандық сотының төрағасы.
Фото: Нұрболат Нұржаубай






 
		 
		



