ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ
Бүгін “AMANAT” партиясы Арал аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтіп, онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Отырысқа комиссия мүшелері, жауапты бөлім басшылары мен сала мамандары қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланды.Алдымен Арал ауданы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры мен олардың шекті бағаларын тұрақты деңгейде ұстап тұру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды. Бұл мәселе бойынша Арал аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі және аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі хабарлама жасады. Хабарламашылар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жүргізіліп жатқан күнделікті мониторинг, қор көлемінің жеткіліктілігі, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары жөнінде кеңінен мәлімет берді. Комиссия мүшелері базарлар мен сауда орындарындағы бағаларға тұрақты бақылау орнатудың маңызын атап өтіп, сала басшыларына бірқатар ұсыныстарын жеткізді.Отырыс барысында қаралған келесі мәселе – сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету және оның шекті бағасын сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар. Бұл бағыттағы есепті Арал аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі ұсынды. Бөлім өкілдері газ тасымалдау мекемелерімен жүргізіліп жатқан жұмыс, сұраныс көлемін өтеу мүмкіндіктері және бағаны бақылау тетіктері туралы баяндады. Комиссия мүшелері тұрғындарды газбен қамтамасыз ету және нарықтағы негізсіз баға өсімінің алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе ретінде Арал ауданындағы автомобиль жолдары құрылыстарының іске асырылу барысы қаралды. Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің III-тоқсандық есебі тыңдалып, аудандағы жол жөндеу жұмыстарының мерзімдері, қаржыландыру көлемі және орындалу сапасы жөнінде толық мәлімет ұсынылды. Комиссия мүшелері жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтудің, сапаны бақылауды арттырудың және мердігер ұйымдарға қойылатын талаптарды қатаңдатудың қажеттілігін атап өтті.
Отырыс соңында комиссия тарапынан бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, көтерілген мәселелердің орындалуы бойынша жүйелі бақылау жүргізілетіні айтылды. Партиялық бақылау комиссиясы аудан көлеміндегі өзекті бағыттар бойынша мониторинг жұмыстарын жалғастыра беретінін мәлімдеді.










