Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өткізілді
Бүгін “AMANAT” партиясы Арал аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті.Отырысты партия филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ембергенова Нұрсауле Сайлауқызы ашып, күн тәртібіндегі негізгі мәселелермен таныстырды. Шараға аудандық филиалдың Атқарушы хатшысы Қанатов Талғат Мырзағұлұлы және комиссия мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде партиялық жобалардың іске асырылу барысы мен әлеуметтік бағыттағы жұмыстардың орындалу деңгейі талқыланды.
Атап айтқанда, Арал ауданы бойынша «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде қиын жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілген әлеуметтік қолдау шараларының 9 айлық есебі тыңдалды. Бұл бағытта Арал аудандық отбасын қолдау орталығының директоры Өтегенов Әділжан Жеткергенұлы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, нақты нәтижелер мен алдағы жоспарлармен бөлісті.
Сонымен қатар, «Ауыл Аманаты» және «Жер Аманаты» партиялық жобаларының үшінші тоқсандағы іске асырылу барысы жөнінде Арал аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Дәрібаев Айбек Әділұлы есеп берді. Олар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, жер қатынастары саласындағы ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Отырыс соңында комиссия мүшелері тыңдалған мәселелер бойынша талқылау жүргізіп, бірқатар ұсыныстар мен шешімдер қабылдады.
Партиялық бақылау комиссиясы алдағы уақытта да партия жобаларының тиімді жүзеге асырылуын, қабылданған шешімдердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстайтынын атап өтті.










