Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН БІРГЕ КЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

АУДАН ӘКІМІ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН БІРГЕ КЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Сексеуіл кентіне жасаған жұмыс сапары барысында құқық қорғау органдарының және дербес бөлім басшыларымен бірге ауыл тұрғындарымен кездесіп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Жыл басынан бері ауданда біршама жұмыстарға жан бітіп, көптеген жобалар қолға алынды. Шын мәнінде, ауданның әлеуетін арттыруда түрлі сала бойынша нәтижелі істер бар. Әріге бармай, жыл басынан бері көптеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Аспалы көпір салынды, Руханият және Қамқорлық орталығы ашылды. Ақбасты ауылына ауыз су жеткізілсе, Арал қаласында келешек мектебі пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласында да айшықты істер бар. Мұның барлығы Мемлекет басшысының, Үкіметтің және аймақ басшысының Арал ауданына деген қолдауының ерекше екенін білдіреді.

Жыл басында Сексеуіл кенті газға қосылса, 25 төсектік аурухана пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ауданда салынған келешек мектептердің бірі осы Сексеуіл кентінде бой көтеріп, ауыл балаларының алтын ұясына айналды. Мұнан бөлек, Сексеуіл кентіндегі жалпы ұзындығы 4,03 шақырымды құрайтын 5 көшенің автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Аудан әкімі кент тұрғындарымен кездесуде осы және өзге де жұмыстарға жан-жақты тоқталып, елді мекен тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.

Кент тұрғындары кездесуде елге ортақ мәселелерді ортаға салып, аудан әкімінің жұмысына оң бағасын берді. Соңғы жылдары Сексеуіл кентіне де айтарлықтай көңіл бөлінгенін атап өтіп, халық тұрмысында өзекті деген мәселелердің шешімі табылып жатқанын қуанышпен жеткізді.

Кездесуде аудан әкімі мен құқық қорғау органдарының басшыларына айтылған ұсыныстардың қатарында жергілікті учаскелік полиция құрамын көбейту, жол-патрульдік полиция қызметін қамтамасыз ету, жер мен тұрғын үй мәселесі, денсаулық сақтау саласы және ауыл тазалығын қалыпты ұстау жөніндегі бірқатар ұсыныстар болды.

Тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлердің барлығы назарға алынатынын айтқан аудан басшысы кейбір мәселелер бойынша заңдылыққа сәйкес шешімдер қабылданып, жоғары тұрған тиісті органдарға ұсыныстар жолданатынын жеткізді.

Кездесуден соң аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы жергілікті құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге кент тұрғындарына жеке қабылдау өткізді.

Жеке қабылдауға келген тұрғындар ұсыныс-тілектерін жеткізіп, мәселелерінің оң шешімін табуға ықпал жасауды сұрады. Қабылдауға жазылған азаматтар үй және жер кезегіне қатысты мәселелерін айтса, енді бірі тұрақты жұмысқа орналасу жөніндегі талаптарын жеткізді.

Құқық қорғау органдарының басшылары басқа да келушілердің мәселелеріне жеке-дара назар аударып, заңдылық шеңберінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Тұрақты жұмыс сұрап келген азаматтарға сұраныс бойынша бос жұмыс орындары ұсынылды. Аудан әкімі тұрғындардың өтінішіне сай, мамандығына сәйкес және қоғамдық жұмысқа орналасу бойынша жауапты бөлім басшыларына заң шеңберінде барлық мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды.

Ал тұрғын үй қажеттілігімен келген адамдарға өңірдегі тұрғындарды баспанамен қамту әр санат бойынша жүргізілетіні түсіндірілді.

Аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы көтерілген әрбір мәселені сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі
20 қараша 2025 ж. 60 0