ҚАЛА КЕШІ ӘСЕРЛІ ӘУЕНДЕРМЕН КӨМКЕРІЛДІ
Автожол қызметкерлерінің күні және «Арал құрылысы» ЖШС мекемесінің құрылғанына 20 жыл толуына орай, қала тұрғындары мен қонақтары куә болған салтанатты іс-шаралар легі кешкілік гала концертке ұласты.Бұл күн – жол саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың тынымсыз еңбегін бағалау, сондай-ақ 20 жыл бойы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келе жатқан «Арал құрылысы» мекемесінің жетістіктерін атап өтуге арналды.
Кеш барысында аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары және эстрада жұлдыздары өз өнерлерін ортаға салып, аралдықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Концерттің басты қонағы қазақ эстрадасындағы танымал әнші, ақын, сазгер Шымберген Сүлейменов және танымал «МузАрт» тобының сахна төріне шығып, халық сүйіп тыңдайтын әсем әндерін орындауы мерекелі күннің көркін қыздыра түсті.
Әсерлі кеште тұрғындар «МузАрттың» орындауындағы көңіл сарайын жадыратар әндерді қосыла шырқап, қуанышқа бөленді.
Концертте ауданның құрылыс және инфрақұрылым саласындағы айшықты істері жұртшылыққа кеңінен насихатталды. Шын мәнінде ауданның әлеуетін арттыруда түрлі сала бойынша нәтижелі істер бар. Әріге бармай жыл басынан есептегенде көптеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Аспалы көпір салынды, Руханият және Қамқорлық орталығы ашылды. Ақбасты ауылына ауыз су жеткізілсе, Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде келешек мектептері пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласында да айшықты істер бар. Мұның барлығы Мемлекет басшысының, Үкіметтің және аймақ басшысының Арал ауданына деген қолдауының ерекше екенін білдіреді.
Кеш қонақтары автожол және құрылыс саласында еңбек етіп жүрген мамандарға жылы лебіздерін білдіріп, қызметтеріне табыс пен сәттілік тіледі.
Мерекелік кеш Аралдың аспанын ән мен шаттыққа бөлеп, түрлі отшашулар аудан тұрғындарына ұмытылмас әсер қалдырды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі










