Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛҒА АДЫМДАҒАН АРАЛ ҚҰРЫЛЫСЫ

АЛҒА АДЫМДАҒАН АРАЛ ҚҰРЫЛЫСЫ

Автожол қызметкерлерінің кәсіби мерекесі және «Арал құрылысы» ЖШС-нің 20 жылдығы аясындағы шаралар легі түске таяу аудандық мәдениет үйінде өткен «Алға адымдаған Арал құрылысы» атты сыр-сұхбат кешімен жалғасын тапты.
Кеш шымылдығы серіктестіктің іргесін қалаған, оны қиын кезеңдерден аман алып шыққан Оразғали Құлмырзаевтың өмір жолынан сыр шертетін сахналық қойылыммен ашылды.

Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ш.Есжанов қатар аталып отырған қос мерекенің маңыздылығына тоқталып, сала мамандарын құттықтады.

– Құрметті жерлестер, қадірлі қауым! Бүгін біз тарих сахнасына шыққан кәсіпорынның 20 жылдық белесіне куә болып отырмыз. «Арал құрылысы» ЖШС – ел дамуының ауыр кезеңінен сүрінбей өткен, бағыты айқын, болашағы жарқын мекеме. Мейрамбек Оразғалиұлы бастаған ұжым бүгінде кәнігі құрылысшылардың ұстаханасына, жол саласының жанашыр орталығына айналды. Баршаңызға зор денсаулық, табыс және абырой тілеймін. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді Шерхан Жұбаханұлы.

Кеш барысында «Арал құрылысы» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты М.Құлмырзаев пен жеке кәсіпкер, жолаушылар тасымалын ұйымдастырушы, аудандық мәслихат депутаты Л.Мамитановаға ҚР Көлік министрлігінің «Құрмет грамотасы» табыс етілді. Сонымен қатар, сала үздіктері аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, республикалық «Жалаңтөс Баһадүр» қоғамдық қорының президенті Н.Мұсабаев сөз сөйлеп, мерейтой иелерін құттықтап, мекеме жұмысы мен сала мамандарына сәттілік тіледі.

Кеш тізгінін одан әрі аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы, ақын А.Сайлауов алып, шараның арнайы қонағы ретінде шақырылған «Арал құрылысы» ЖШС-нің негізін қалаушы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, меценат, Арал ауданының Құрметті азаматы Оразғали Құлмырзаевпен сыр-сұқбатқа ұласты.

Тағылымды кеште серіктестіктің құрылу тарихы, жетістіктері мен сындарлы жылдардағы қиын кезеңдер жайлы естеліктер айтылды. Кеңес дәуірінен кейінгі дағдарыс жылдарында көптеген өндіріс орындары жабылып, құрылыстың тоқырау кезеңін өткерген шақта Оразғали Құлмырзаевтың қажыр-қайраты мен табандылығының арқасында мекеме қайта жанданып, жаңа серпінмен дамуға бет алды.

Алғаш көпір бөлшектерін дайындаудан бастаған ұжым кейін түрлі құрылыс жұмыстарын игеріп, бүгінде өңірдің ірі кәсіпорындарының біріне айналды.

Шара соңы ақын-сазгерлер мен аудан өнерпаздарының орындауындағы әсем әндер, әсерлі күйлерге ұласты.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі
13 қараша 2025 ж. 197 0