Еңбегімен еленген жандар құрмет төрінде

Мерекелік шарада аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев:
- «Қойнауы балыққа бай, жағасы қоға мен қамысты, Қазақстанның інжу-маржаны саналатын – Арал теңізі, әлемге балығымен аты шыққан құтты өлке, тарихи мекен. Жаңа дәуірдің басында қолға алынған САРАТС жобасы теңізге дем беріп, балықшы қауымның тілегіне Кіші Арал қайта оралды. Жылымын майлап, несібесін теңізден терген елдің тағдырына «Көкарал» бөгеті бұйырды, сол берекелі бастамамен бақ ілесе келді. Кеше елімізде су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтілді. Біз осы даталы күнді ескерусіз қалдырмай, сала мамандарын да мерекесімен құттықтауды жөн санадық. Бүгінде аудан халқының 87 пайызы Сарыбұлақтың сапалы суын тұтынады. Бастауын Қосаманнан алатын ауызсуды бүгінде қос ауданның халқы тұтынып келеді. Біз олардың ел үшін жасап жатқан еңбектерін әркез құрметтеймін. Биылдан бастап 10 шілде елімізде «Ветеринария қызметкерлері күні» болып бекітілді. Осы саланың бар жауапкершілігін арқалап жүрген Сіздерге де құрметіміз ерекше. Жаңа мәнге ие болған кәсіби мереке қарсаңында осы саланың қызметкерлерін құттықтаймын!»- деді.
Шара аясында әр саланың шылбырын қаққан мамандар облыс әкімінің және аудан әкімінің арнайы Алғысы хатымен марапатталды. Сондай-ақ, ұзақ жылғы еңбегі үшін «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бастығы И. Қапаровқа ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су шаруашылығының ардагері» төсбелгісі табысталды.
Мерекелік кеш одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Айта кетейік, мереке қарсаңында ветеринария ұйымдарына жаңа қызметтік автокөліктер табысталған болатын. Салтанатты шарада аудан басшысы мен бір топ зиялы қауым өкілдері аудандық ветеринариялық станцияға берілген көліктердің сала игілігіне жарай беруіне тілектестік білдірді.