АВТОЖОЛ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Бүгін аудан өмірінде маңызды орын алатын жол инфрақұрылымы саласының қызметкерлеріне арналған кәсіби мереке және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келе жатқан «Арал құрылысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 20 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар бастау алды.Мерекелік жиын қаладағы «Арал құрылысы» ЖШС мекемесінде өтті. Салтанатты шараға жол және құрылыс саласының ардагерлері, аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттар, облыстық департамент басшылары, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының жетекшілері және еліміздің әр өңірінен келген құрметті қонақтар қатысты.
Жиында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз сөйлеп, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен және мерейтой иелерін айтулы датамен құттықтады.
– Құрметті жерлестер, қадірлі автожол саласының қызметкерлері. Ел дамуындағы үлкен сала – жол инфрақұрылымына сүбелі үлес қосып келе жатқан Автожол қызметкерлерінің кәсіби мерекесі, сонымен қатар ауданымыздың өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан «Арал құрылысы» ЖШС-нің құрылғанына 20 жылдығы баршаңызға құтты болсын! Халқымыз «Жол – өмірдің өзегі» дейді. Шынында да, жол – ел мен елді, ауыл мен қаланы, өзара байланыс пен ынтымаққа берік негіз болған алтын көпір. Жол бар жерде – даму бар, байланыс бар, тіршілік бар. Осындай сауапты жұмыстардың басы-қасында жүрген Сіздердің еңбектеріңіз – халық игілігіне бағытталған, қасиетті кәсіп. Ауданның игілігі жолындағы тынымсыз еңбектеріңіз үшін аудан халқының және жеке өз атымнан ерекше ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Салған жолдарыңыз ұзақ жылдар ел игілігіне қызмет ете берсін, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, аудан басшысы өз сөзінде аудан аумағында жол инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, сала мамандарының қажырлы еңбегін ерекше атап өтті.
Мереке барысында «Арал құрылысы» ЖШС-нің негізін қалаушы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, меценат, Арал ауданының Құрметті азаматы Оразғали Құлмырзаевқа Қызылорда облысының ең жоғары марапаты — «Құрмет грамотасы» табысталды. Сонымен қатар, автожол саласында абыройлы қызмет етіп жүрген бірқатар қызметкерлер облыс және аудан әкімдерінің, сондай-ақ ҚР Көлік министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты жиында құрылыс саласының ардагері, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Арал ауданының Құрметті азаматы Д. Мадинов сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен және серіктестіктің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік шара аясында аудан әкімі бастаған қонақтар мекеме ауласында 30-дан астам жеміс ағаштары мен тал көшеттерін отырғызды. Бұдан соң олар Арал индустриалды-техникалық колледжі мен Арал көпсалалы колледжі студенттерінің құрылыс және ауыл шаруашылығы бағытындағы қолөнер бұйымдарымен танысты. Сондай-ақ қонақтар кәсіпорынның қалыптасу тарихы мен жетістіктерінен сыр шертетін көрме жұмыстарын тамашалады."Толқын" ақпарат










