Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕЛІДЕ ЖОҒАЛҒАН МИЛЛИОН: КИБЕРҚЫЛМЫС ҚАУПІ

ЖЕЛІДЕ ЖОҒАЛҒАН МИЛЛИОН: КИБЕРҚЫЛМЫС ҚАУПІ

Студент кезім. Жалдамалы пәтерде тұрамын. Ауылдан бірнеше чемоданға әрең сыйдырып әкелген киімдерімді жинауға ғаламтордан шкаф іздей бастадым. Іздегенім табыла кетті. Тіпті иесімен хабарласқанда, «студент екенсің ғой, затты өзім салып жіберемін, тек мына қағаздарды толтыр, почта сұрап жатыр» деп арнайы сілтеме жіберді. Сілтемеге кірсем, кәдімгі пошта қызметі. Сәлемдемені іздеу, бақылау, жіберу деген бөлімдері жетерлік. Арам ойсыз аты-жөнімді, адресімді, алатын затымды толтырып жатырмын. Соңғы сұрақ ретінде «карта нөміріңізді енгізіңіз» деп тұр. Зат иесінен сұрасам, «білмеймін, жаза берші, затты жіберуім керек» деп асықтырып жатыр. Тәуекел деп оны да жаздым. «Затты қабылдау үшін картаңызда кемінде 30 мың теңге болуы керек» деген хабарлама шықты. Мен де білгендей, құпия кодын ұмытып, пайдаланылмай тұрған банк картасын қолданғанмын. Мезеттесатушыдан «Басқа картаң бар ма? Немесе ақша салып толықтырсаңшы» деген хат келді. «Бәрін қайдан біліп отыр» деп сілтемеден шығып кеттім де, қара тізімге енгіздім. Кейін байқап қарасам, негізгі «ҚазПошта» сайты басқа екен. Ал менің кіргенім алаяқтардың қолдан жасағаны. Десе де жазуы, сұрақтары мен бөлімдері расымен де адамды шатастырып жібереді. Студент болған соң, 30 мың мен үшін көп ақша болатын. Одан айырылып, ішім ашымағанына қуанғанымнан, киімдерімді бірнеше апта чемоданымен қойғаным есімде.
Жетекші кибержелі
Компьютерлік қылмыс туралы ұғым алғаш өткен ғасырдың 60-жылдары алдымен америкалық, одан соң өзге әлемдік басылымдарда пайда болды. 1983 жылы Париж қаласында Халықаралық экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары бас қосып, компьютерлік қылмысқа криминологиялық айқындама берді.Этикалық-тәртіптік қағидаттарға қайшы келетін іс-әрекеттер, сондай-ақ автоматтандырылған мәліметтерге қол сұғушылық сол кезден бастап қылмыстық санатқа жатқызылатын болып шешілді.
Алғашқы белгілі киберқылмыс «Фишингтің» үлгілері – 1980-1990 жылдары іске асқан жалған сайттар немесе жалған хаттар арқылы пайдаланушы деректерін ұрлау әдісі. 1990-жылдары AOL (America Online) қызметін қолданушыларға жалған әкімшілік хаттар жіберіп, «аккаунтты растау үшін құпия сөзді енгізуді» талап ететін алаяқтар көбейді. Бұл әдіс кейін әлем бойынша кең таралған фишингтің бастамасы болды.
Ал кейін 1980-жылдардың соңында пайда болып, 1990-2000 жылдары әлемге кең таралғаналаяқтықтардың бірі «Нигериялық принц» немесе «419 алаяқтығы» деп аталды. Алаяқтар электронды пошта арқылы өзін бай мұрагер ретінде таныстырып, үлкен соманы шетелге шығару үшін көмек қажет ететінін айтқан. Қолданушыдан «қызмет үшін» алдын ала төлем сұралатын. Нәтижесінде көптеген жан қаржысын жоғалтты. Бұл интернет арқылы жасалғаналғашқы кең көлемді қаржылық алаяқтық саналады.
1986 жылы әлемдегі алғашқы компьютер вирустарының бірі «Brain» пайда болды. Оны жасағандар зиян келтіруді мақсат етпесе де, бұл оқиға вирустарды алаяқтық үшін қолдануға жол ашты. Кейін вирустар арқылы төлем талап ету, банк деректерін ұрлау сияқты қылмыстар көбейді.
2000-жылдардан бастап интернеттің жаһандануымен бірге киберқылмыстардың да түрі көбейді. Онлайн сауда, әлеуметтік желілер, банк қосымшаларының дамуы алаяқтарға жаңа мүмкіндіктер берді. Олар жалған интернет дүкендер ашып, жалған инвестициялық жобалар ұсынды, адамдардың жеке мәліметтерін жинады.
Интернет алаяқтары енді жеке тұлғалар ғана емес, тұтас қылмыстық топтарға айналды. Кейбір топтар миллиондаған доллар пайда табатын халықаралық желілер құрды.

Жаңа қауіп
Бүгінде ақпарат ағымы көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Технология дамыған сайын адам өмірі жеңілдей түскендей көрінгенімен, оның көлеңке жағы жетерлік. Соның бірі – киберқылмыстың қарқынды дамып, түрленуі. Бір қарағанда виртуалды әлем соншылықты қауіп төндіре алмас деп ойлағанмен, шын мәнінде жанымыз байланып, көзімізді тырнап ашқан таңымыздан телефонға телмірген бүгінгі қоғамға, әлемдік экономикаға орасан зиян келтіріп отыр.
Уақыт өте келе алаяқтар техниканы ғана емес, адамдардың психологиясын да терең зерттей бастады. Әсіресе соңғы жылдары «Құртамал» (pig-butchering)схемасы кең таралып отыр. Мұнда алдамшы адаммен ұзақ уақыт байланыс орнатып, сенімге кіріп, кейіннен жалған инвестицияға шақырады. Соңғы зерттеулерде олардың нақты фазалары сенім орнатудан бастап, қысым көрсетуге дейін барады. Сенімді адамның соққы жасауының өзі қауіптің қаншалықты өскенін көрсетеді.
Әлемдік деңгейдегі жағдай да оңай емес. Мәселен, АҚШ-тағы FBI-дің берген дерегі бойынша, өткен жылдың өзінде интернет қылмыстарынан келтірілген шығын 16 миллиард доллардан асып түскен. Бұл – әлем бойынша алаяқтықтың қаншалықты ауқымды екенінің бір ғана мысалы. Оған қоса, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы алаяқтық топтардың жылына ондаған миллиард доллар табатыны, олардың көбініңжасанды интеллект қолданатыны жөнінде халықаралық есептер жиі жарияланып жүр. ЖИ дамыған сайын адамның жалған бет-әлпетін келтіру, жалған дауыс синтездеу, автоматтандырылған фишинг секілді әдістер етек жайды. ЖИ алаяқтардың қолына тиген жаңа құралға айналды, ал оның дәлдігі мен шынайылық эффектісі қарапайым қолданушыны шатастырмай қоймайды.

Қазақстандағы киберстатистика
Қазақстанда цифрландыру кеңейіп, ғаламторкүнделікті өмірдің барлық саласына терең енген сайын, киберқылмыс та соған сай көбейіп келеді. Әсіресе интернет алаяқтық – қылмыстың ең жылдам таралып жатқан түрі. Соңғы жылдардағы жағдай бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін айқын көрсетеді. Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында елде 64 529 қылмыс тіркелген, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға төмен. Алайда жалпы қылмыс көлемі азайғанымен, алаяқтық пен киберқылмысқа бұл үрдіс әсер етпей отыр: 2025 жылы 22 812 алаяқтық тіркеліп, бұл өткен жылға қарағанда тағы да өсім көрсеткен. Оның ішінде интернет арқылы жасалған алаяқтық ерекше байқалып, бір ғана жылдың ішінде 24,7 пайызға артқан, 2024 жылғы 9 936 дерек 2025 жылы 12 390-ға дейін көбейген.
Мамандар алаяқтықтың күрт өсуін оның қарапайымдылығымен, схемалардың жетілдірілуімен және азаматтардың цифрлық сауаттылығының жеткіліксіздігімен байланыстырады. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстандағы киберқылмыстың 99 пайызы – интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Мәселен, тек соңғы жылдары ғана алаяқтар ғаламтор арқылы 25 миллиард теңгеден астам ақшаны иемденгені туралы дерек жарияланды. Бұл Қазақстан тарихындағы ең ірі қаржылықалаяқтықтың бірі саналады. Бұл іс бойынша қылмыскерлер өзін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, бейнеқоңырау арқылы байланысқа шығып, «шотыңыз қауіпте» деген жалған ақпаратпен адамдарды алдап, барлық қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудартқаны белгілі болды.Еске сала кетсек, 2024 жылы БҚО тұрғынының осындай алаяққа алданып, 100 млн теңгесін аударғаны көпшіліктің жағасын ұстатқан еді.
– Ғаламтордағы дүкендер арқылы көп сауда жасаймын. Бірде үйіме жиһаз алдыртпақ болдым. Сатушы хабарласып, «Апай, мен затты тапсырыспен алып сатушы едім, қазір басқа дүкенде тұрмын, қиын болмаса, ақшаңызды қазір аудара аласыз ба? Мен жиһазды сатып алып, дәл қазір көлікке тиеп жіберемін» деді. Тіпті видео-қоңырау арқылы дүкенді, жиһазды, үлкен жүк көлігін көрсетті. Өзі қарапайым, қазақ жігіті. Жиһаздың да бағасы бір айлық есебімді құрайды. Аударсам ба екен деп ойландым. Жанымда отырған қызыма айтып едім, ол бірден тапсырысты қайтарып алуымды айтты. «Бізге ешкім кепілдік бермейді. Мүмкін алаяқ шығар» деген кезде ғана ойландым. Кейін көп адамның алданғанын естідім, – дейді Ғ.Сматова.
Иә, соңғы он жылдықпен салыстырғанда өсім айтарлықтай. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда киберқылмыс көлемі осы кезең ішінде он есеге дейін көбейген. Мәселен, 2023 жылы ғана интернет алаяқтардың кесірінен азаматтардың 21 миллиард теңгеге жуық ақшасы жоғалған. Алаяқтықтың жаңа түрлері жалған инвестициялық платформалар, әлеуметтік желілердегі манипуляциялар, банк қызметкері ретінде алдау, тіпті мемлекеттік орган қызметкерінің атын жамылу –таң қалатын нәрсе емес. Сондықтан бұл құбылыс Қазақстан қоғамының цифрлық қауіпсіздігіне төнген елеулі қатер ретінде қарастырылады.
Прокуратура өкілдері интернет алаяқтықтың ең қауіпті тетіктерінің бірі – «дропперлер» екенін атап көрсетеді. Олар өз банктік шоттарын немесе жеке деректерін алаяқтарға пайдалану үшін беретін адамдар. Прокуратура: «Дроппер жазаланбай, киберқылмыс кемімейді» деп ескертіп, қылмыстың таралуына ең алдымен осы адамдардың қатысы бар екенін ашық айтты. Мемлекеттік органдардың пікірінше, қоғамда цифрлық сауаттылықты арттыру, адамдарды алаяқтықтың жаңа түрлерінен хабардар ету –қылмыстыалдын алудағы ең маңызды құрал.
Киберқылмыс мәселесі мемлекет басшысының да назарында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет интернет алаяқтықтың қауіпті деңгейге жеткенін айтып, нақты тапсырмалар берген. Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ол: «Соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегуде» деп атап өтті. Президент цифрландыру үдей түскен сайын алаяқтықтың да жаңа түрлері пайда болып жатқанын, ал жалған ақпарат тарату, ақпараттық шабуыл жасау қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретінін ескерткен. 2025 жылы өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында Қ.Тоқаев азаматтардың жеке деректерін қорғауды, банктер мен мобильді операторларды алаяқтыққа қатысты ортақ жауапкершілікке тартуды және киберқылмысқа қарсы интеллектуалды жүйелерді дамытуды тапсырды.
Қазіргі таңда Қазақстанда киберқауіпсіздікті күшейту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынды. Киберполиция бөлімшелерінің жұмысы күшейтіліп, бірқатар өңірлерде қылмысты ашу көрсеткіші айтарлықтай өсті. Сонымен қатар «Кибер-қалқан», «Кибертрон», «Абайлаңыз: алаяқ!» сияқты алдын алу бағдарламалары жүргізіліп жатыр. Банктер мен байланыс операторларына алаяқтықты болдырмау бойынша қосымша міндеттер жүктелуде.

Аралдықтардың алаңдаушылығы
Аудандық полиция бөлімінің мәліметтеріне сүйенсек, алаяқтық қылмыс өршіп тұрғанын айтады. Бұл жөнінде Арал ауданының Полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі полиция капитаны Дулат Қуанғалиұлы:
– Арал ауданындағы қылмыстың ең көбі осы киберқылмысқа байланысты. Олардың алдын алу үшін жұмысқа тұрғызу бойынша, банк қызметкері ретінде өзін таныстырып, арнайы несие, сыйлық, депозитке ақша аудару немесе басқа да көмек көрсететінін айтып, арнайы код сұраса, белгісіз дүкендерден затты сатып алу және сату, пошта қызметі арқылы жеткізіп беру үшін карта номерін сұрау, абоненттік номерді қайтадан тіркеуді сұрап, хабарламаға арнайы код жіберсе және «туысқаныңыз ауыр жағдайда, дереу ақша аударуыңыз керек» десе, бақылаусыз, тексерусіз сенбеулеріңізді сұраймыз. Сонымен қатар, тіпті ғаламтор арқылы таныстықтың өзі де алаяқтық жағдаймен аяқталып жатады. Ал «WhatsApp»мессенджеріне рұқсатсыз кірумен байланысты алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін компьютер, ноутбук арқылы мессенджерді пайдалануды қатаң бақылауды ұсынамыз.
Одан басқа алдаудың түрлерінеде жерлестеріміз құрыққа түсуде. Алаяқтар танымал адамдардың даусын жасанды интелект арқылы сала отырып, жоғары пайызды пайда таба отырып, салым салу туралы жарнамалар орналастырады. Бұл жағдайда жәбірленушілер аталған жалған жарнамаларды қарай отырып, өздерінің деректерін олардың парақшаларында қалдырады, содан кейін алаяқтар оларға кері байналысқа шығады.
Бұл жағдайда алаяқтардың құрбанына айналмауы үшін тек олармен сөйлесуді тоқтату керек екенін ескертемін. 
Қорытындылай келе инстаграмм және фейсбук парақшаларының әлеуметтік желісінде «Арал ауданының Полиция бөлімі» «aral.apb» аккаунты жүргізіледі, онда интернет-алаяқтық қылмысына профилактика туралы өзекті мәселелер жиі жарияланатындығын айтып өткім келеді, – дейді.

Алаяққа алданушы кімдер?
Ең қызығы, қылмыстың құрбандары көбіне бірдей әлеуметтік топқа жатпайды. Алаяқтар үшін адамның жасы, білімі немесе табысы маңызды емес секілді көрінеді. Олар үшін тек сенімге кіру жолы болса жеткілікті.
18-29 жас аралығындағы жастар – интернеттің белсенді қолданушылары. Смартфонмен жұмыс істеу, онлайн сауда жасау, банктік қосымшаларды пайдалану – бәрі қалыпты жағдай. Осындай белсенділік олардың алаяқтарға жиі кездесіп қалуына себеп болады. Жастар көбіне «жылдам табыс», «жеңіл жұмыс», «инвестиция» деген жарнамаларға назар аударады. Алаяқтар психологияны жақсы меңгерген.Олар адамның ертеңгі күнге үмітін пайдалануды біледі. Жастардың көпшілігі цифрлық қызметтерді жақсы білсе де, қауіпсіздік ережелерін елеусіз қалдырады, міне, осы тұс – басты әлсіздік.
Ал 50-63 жас аралығындағыжандардың жағдайы тіпті басқаша. Олардың алаяқтардың торына түсуі цифрлық сауаттың жеткіліксіздігінен ғана емес, өмір бойы қалыптасқан сенімінен болады. Зейнеткерлер телефон шырылдаса, жауап бермеу әдепсіздік деп санайды. Онлайн банк қызметкерлері, құқық қорғау органы қызметкері немесе мемлекеттік мекеме өкілі болып сөйлеген адамға сену – олардың табиғи болмысы. Алаяқтар үшін – оңай олжа. Кейде бір ғана телефон қоңырауы олардың жинаған барлық қаражатына қауіп төндіреді.
Зерттеулер интернет алаяқтыққа алданған адамдардың білім деңгейі әртүрлі екенін айтады Жоғары білімді, тұрақты жұмысы бар адамдардың өзі күрделі схемаларды танып үлгере алмай қалады. Себебі алдану адам біліміне емес, эмоциясына әсер етеді. «Шотыңыз бұғатталды», «Балаңыз оқыс жағдайға ұшырады», «Ақшаңыз қауіпте», «Сіздің атыңызға несие рәсімделді» деген сөздер адамды ойландырмайтын, бірден әрекет етуге итермелейтін эмоционалдық қысым.
– Жәбірленуші көбіне тығырыққа тірелдім деп ойлап, тезірек әрекет етуге ұмтылады. Тіпті өзгенің алданғанын естіп, «мен алданбаймын, қалай сеніп жүр» деген жанның өзі сол ойы арқылы алаяқтың тұзағына ілініп қалуы мүмкін.
Көбіне ересек жандарға балалары туралы, жинаған зейнетақасы мен өмір бойғы еңбегі туралы хабар айтып алдаса, жастарға бір реттік жұмысы үшін 20-30 мыңнан бастап, 100 мыңға дейінгі қаражат табуға болатынын айтады. Студенттер үшін ақша – тартылыс күші. Кейде ақшаның етегіне еріп дроппер, яғни алаяқтық жолмен тапқан ақшасын өз картасы арқылы шешіп беруші адам болып қылмыс жасап жатады, – дейді психолог Т.Ашмақова.
Зардап шегушінің табыс деңгейіне келсек, интернет алаяқтары ешқашан «кім ауқатты, кім емес» деп бөлмейді. Бастысы – адамды қорқытып, сендіріп немесе қызықтырып, өз еркімен қаражатын беруіне қол жеткізу. Біреу күнделікті табысын жоғалтса, біреу бірнеше миллионнан айырылады.

Түйін: Ғаламтордың қаупі тек техникалық, денсаулыққа, бала дамуына ғана емес, адам психологиясы мен сенімі арқылы да жүзеге асады. Әр азамат өзінің цифрлық сауаттылығын арттырып, жеке мәліметтерінің құпиялығын сақтауды үйренбейінше, алаяқтардың жолыкесілмейді. Ал мемлекет, қаржы ұйымдары және технологиялық компаниялар қауіпсіздік жүйесін жетілдіріп, ақпараттандыру жұмыстарын күшейткен жағдайда ғана киберортадағы қауіп деңгейі төмендейді. Өзгеге сену де, қауіпсіздікті сақтау да – таңдау. Ал цифрлық сақтық – қорғанудың жалғыз жолы.

Г.САҚТАПОВА

22 қараша 2025 ж. 11 0