ІЗГІЛІКТІҢ ІРГЕТАСЫН БІРГЕ ҚАЛАЙЫҚ
Арал ауданы – тарихы терең, руханияттың ордасы. Өлке тұрғындары әрқашан бірлік пен берекені бірінші орынға қойып келеді. Соңғы жылдары аудан халқы үшінқалалық мешіттің салынуы көптен күткенсүйінші жаңалық болды. Өйткені елді мекеннің өсуімен бірге жамағат саны да артып, құлшылық жасайтын кең орынға қажеттілік айқын сезілді. Міне, халық тілегінен бастау алған ізгі іс бүгінде үлкен құрылыстың негізіне айналып отыр.Осыдан 3 жыл бұрын Аралда жаңа мешіт салу мәселесі ресми түрде көтерілді. Бастамашылары – Қызылорда облысы «Зекет және қайырымдылық қорының» өкілі Оңталап Тасболатұлы мен Арал аудандық орталық мешітінің бұрынғы бас имамы Қайырхан Табысұлы. Олар экс аудан әкімі Серік Сермағамбетовке арнайы өтініш білдіріп, жаңа мешіт қажеттігін жеткізді. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» демекші, жаңа мешіттің аумағына 2 гектар жер бөлініп, бүгінгі құрылыстыңбасталуына қолдау көрсетілген.Араға көп уақыт салмай, қыркүйек айында мешіттің іргетасы салтанатты түрде қаланды. Бұл шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп, аудан әкімімен бірге қатысып, халыққа батасын берді. Осы сәттен бастап Арал қаласының жаңа рухани орталығының негізгі құрылыс жұмысы басталды.
2023 жылы жұмыс қарқын алды. Көктемде«Арал құрылысы» мекемесі мен жергілікті тұрғындар бірігіп, іргетасын құю ісін бастады. Ал жаз шыға Өзбекстанның Самарқант шаһарынан арнайы келген 15 білікті сәулетші мен кірпіш қалау мамандары жұмысқа кірісті. Олар ұлттық және шығыстық стильді үйлестірген ерекше жобаны жүзеге асыруда. Құрылыс барысын Оңталап Тасболатұлы мен Арал аудандық орталық мешіті тікелей бақылап, жүйелі жүруіне мұрындықболып отыр.
Мешіттің жобалық жұмыстары да сол жылы басталды. Жауапкершілігі мол, кешенді сәулеттік жобаны әзірлеу ісін ТОО «ҚазақЖобаҚұрылыс» компаниясы атқарды. Жоба әзірлеуде ішкі және сыртқы көріністің үйлесімділігіне ерекше мән берілді. Мешіт іші қызыл кірпішпен өрнектелсе, сыртқы қабырғалары ақ кірпішпен қаланып, көмкерілмек. Мешіттің ішкі безендірілуінде қазақы нақыштағы ою-өрнек пен діниэлементтердіүйлестіріп қолдану көзделген. Бұл болашақта ғимаратты тек құлшылық орны ғана емес, ұлттық рухты дәріптейтін киелі мекенге айналдырады.
Жаңа мешіттің көлемі – 1800 шаршы метр деп жоспарлануда. Төрт бірдей мұнарасының биіктігі 33 метрді құрайды, ал үлкен күмбезі ақша бұлтпен астасып, қала ажарын аша түсері анық. Бұрын аудандық орталық мешітке барып жүрген тұрғындар енді өздеріне жақын орналасқан бұл мешітте тарауих, жұма және айт намаздарын еш қиындықсыз орындай алады.
Сонымен қатар жобада діни орталыққа қажетті қосымша нысандардың бәрі қарастырылған. Атап айтқанда, медресе ғимараты, жамағатқа қызмет көрсететін асхана және жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған спорт алаңы салынбақ. Осылайша мешіт бүкіл қала тұрғындарының рухани, мәдени және тәрбиелік орталығына айналады деген сенім бар.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жалғасып жатыр. Сыртқы кірпіштері қаланып, төбе жабу кезеңі де жолға қойылды. Жоспар бойынша, мешіт құрылысы 2026 жылдың соңына дейін толық аяқталмақ. Бұл мерзімге дейін мешіттің барлық ішкі-сыртқы әрлеуі, қосымша нысандары және абаттандыру жұмыстары толық жүзеге асуы қажет. Бірер жылда Арал қаласының аспанында жаңа мешіттің мұнаралары асқақтап,күмбезі жұртшылыққа ізгілік нұрын шашпақ.
«Көптің түбі – мереке» дегендей, Арал қаласының жаңа мешіті – халық тілегімен басталған, ел игілігіне қызмет ететін ірі жоба. Оның құрылысы біздің бірлікпен ынтымақтың, ел азаматтарының еңбегі мен ниетінің жемісі. Сіз де құрылыс жұмыстарына өз үлесіңізді қоса аласыз.











