Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсықылыш мешіті жаңарды

Жақсықылыш мешіті жаңарды

Бүгінгі қоғамда шашып жейтіндер де, басып жейтіндер де бар. Біз сөз еткелі отырған азамат сол сұңқарларша шашып жейтіндердің қатарында. Алдына барғанның меселін қайтармайды. Тапқанын мүмкіндік болса елмен бөліскенді жөн санайды. Ол – Ерлан Нұржанұлы Ибраев. Кәсіпкерлік саласында өзіндік орны бар азамат қаншама игілікті іске ұйытқы болғанын қалайша айтпасқа. Бұл жолы да Нұржан көптің батасын алды. Яғни ширек ғасыр бұрын тұрғызылған Жақсықылыш кентіндегі Алланың жердегі үйіне қамқор қолын созып, ескі ғимараттың жаңаша кейіпке енуіне қолдау көрсетті.
Иә, бас тақырып айтып тұрғандай, талай жылдар жөндеу көрмеген мешіт әп-сәтте адам танымастай кейіпке енді. Жақсықылыш кентінің имамы Мәжит Әбіштегі жас болса да бас болып, жұрт үшін қызмет қылып жүрген Ерланға ерекше риза. Сонымен Қылыш тауының баурайында 7 ақпан күні айтып ауыз толтыруға жарарлық жаңалық көрініс тапты. Үлкен-кіші сол жерде.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Марат Дайрабай, «Айтбай» мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаев, Қызылорда облыстық зекет қорының өкілі Оңталап Жидебаев, аудандық мешіттің бас имамы Қайырхан Табысұлы және өзге де Ислам дінін ұлықтап жүрген жамағат шуақты шараға арнайы қатысты.
Бардық, көрдік. Елжанды жігіттің іскерлік болмысына көпшілік сүйсінді. Жаңарған мешітке жиналған жұртшылық алдында сөз алған кент әкімі Пазылбек Берсүгіров осынау сауапты бастама тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келгенін жақсылықтың нышанына балап, бір кезде дін десе тізе дірілдеген уақыттар болғанын алға тартты. Сосын бүгінгі жарқын көрініс азаттығымыздың жемісі екенін жеткізді. Ауыл ақсақалы Баймырза Жұбаниязов «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дей келе, жұртының жоғын жоқтаған Ерландай ұлдың игі ісіне ақ батасын берді. Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы мешіттің қайта жөндеуден өтуіне септігін тигізген Ерлан Ибраймовқа сый-сияпат көрсетіп, ісіне табыс тіледі. «Аралтұз» акционерлік қоғамы президенті Ғалымжан Сержанов берекелі іске тілеулестігін білдірді.
Мешіт шынымен-ақ бұрынғы бейнесінен әлдеқайда жақсара түскен. Қайта тұрғызылған асхана келушілердің ауқаттануына қолайлы. Анау тұста жамағаттың бес уақыт намаз оқуы үшін арнайы жуыну бөлмесі бар. Ал сәждеге бас қойып, Тәңірден тілек тілегендер еңселі залдың ішіне жайғасуда. Ең бастысы, осынау қасиетті жер от жағу машақатынан құтылып, көгілдір отынға қосылған.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ 
09 ақпан 2021 ж. 757 0