Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМ БИІГІНЕ БАСТАР ЖОЛ

БІЛІМ БИІГІНЕ БАСТАР ЖОЛ

Қаладағы №292 орта мектебі ашылғанына әлі жыл толмаса да, оның жетістіктері көпшілікті қуантып отыр. Жаңа білім ордасының қалыптасуы мен дамуына ең алдымен мектеп басшысы Жасұлан Маханбетұлының еңбегі ерекше. Ол – білікті басшы, әрі тәжірибелі ұстаз. Қай ортада да ісіне ұқыпты, жаңашылдыққа жаны құмар Жасұлан Маханбетұлы ұжымды біріктіріп, заманауи талаптарға сай мектеп мәдениетін қалыптастыра білді.Жаңа мектептің басты мақсаты – сапалы білім мен тәрбиені үйлестіре отырып, оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау. Бұл бағытта жүргізілген жүйелі жұмыс алғашқы нәтижесін де берді. Қысқа уақыт ішінде білім алушылар түрлі олимпиадалар мен конкурстарда жүлделі орындарға ие болып, мектеп абыройын асқақтата бастады. Бұл ұстаздардың кәсіби біліктілігі мен оқушылардың талпынысының айқын көрінісі.№292 мектептің бүгінгі қарқыны – болашақтағы үлкен жетістіктердің бастауы. Ұжымда қалыптасқан ынтымақ пен білім сапасына деген жоғары талап мектептің алдағы жылдары да биік шыңдардан көрінетініне сенім ұялатады.
Оқушылардың қызығушылығы мен қабілетін анықтап, болашақ мамандығын таңдауда қателеспеуі үшін түрлі бағыттағы шаралар жүйелі түрде атқарылып келеді.
Әсіресе кәсіби бағдар беру жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында мектепте мамандық таныстыру сабақтары, өндіріс орындарына экскурсиялар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ түрлі кәсіби тесттер мен тренингтер оқушыларға өз бейімін анықтауға мүмкіндік беруде. Соның дәлелі облыс орталығында өткен «Innofest Qyzylorda – 2025» облыстық инновациялық жобалар фестиваліАрал ауданы үшін табысты аяқталды.
Artificial Intelligence (Жасанды интеллект) секциясында бақ сынаған мектебіміздің 11-сынып оқушылары Дана Үркімбаева мен Сымбат Жанұзақова өз білімі мен жоғары кәсіби дайындығын танытып, үлкен жетістікке жетті.
Дана Барзуқызы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын жеңіп алса, Сымбат Мырзабекқызы – «Болашақ» университетінің білім гранты иегері атанды.
Жетістікке жетелеген ұстазы, бағыт-бағдар беруші жетекшісі Сәулет Әбдіжаппаровтың еңбегі мен ата-аналарының қолдауы да зор үлес қосты.
Өткен аптада 9-сынып оқушылары арасындағы «Junior Skills – 2025» республикалық кәсіби шеберлік конкурсының облыстық кезеңі Қызылорда қаласында өткен болатын. Осы додада мектебіміздің білім алушысы  Мирамова Әмина Есетқызы топ жарып, бірінші орынды иеленіп, республикаға жолдама алған еді. Кеше өткен республикалық финалда да өнері өрлеп, бағы жанып, тағы да жүлделі І орынды жеңіп алды. Жеңісімен бірге Оқу-ағарту вице-министрі А.Ахметжановтың арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – Әминаның еңбегі, талпынысы және талантының айқын дәлелі. Осы жолда бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетіп, жетекшілік жасаған Нұргүл Акмуканова апайына үлкен алғыс айтамыз. Әмина-біздің мақтанышымыз! Алдағы белестерің биік, жеңісің көп болсын. Білім мен өнер жолындағы қадамың нық, армандарың асқақ болсын.
Бұл жеңіс – шәкірттеріміздің табандылығының,тиянақты дайындықтарының және өз ісіне деген зор қызығушылықтарының нәтижесі деп білемін.

Е.САМБАЕВ,
Мектеп директорының бейіндік оқыту, 
ғылыми әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары
03 желтоқсан 2025 ж. 36 0