Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Ы.Алтынсарин" төсбелгісінің иегері

"Ы.Алтынсарин" төсбелгісінің иегері

Аудандағы білім беру мекемелерінің ішінде Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің шоқтығы әркез биік тұрады. Мұндағы білім беру сапасының жоғары екендігін жыл сайын түлеп ұшқан шәкірттері дәлелдеп келеді. Осы білім ордасының жүргеніне айналған ұстаздар қауымы да жетістік биігінен түскен емес. Жуырда ғана ауданда өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде мектеп басшысы Жасұлан Айтжанов ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.

Жасұлан Айтжанов 2017 жылдан бері аталған білім ошағының басшысы болып қызмет атқарып келеді. Бұған дейін аудандағы білім бөліміне қарасты бірқатар мектептерде директор болған ол жинақтаған мол тәжірибесінің арқасында талай белестерді бағындыра білді. Ұжымын биіктерге көтере білген басшысының еңбегін әріптестері жақсы біледі.
– Жоғары оқу орнын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде  география пәнінің мұғалі мамандығы бойынша аяқтадым. Еңбек жолымды 2000 жылы Ақбай ауылындағы  №63 мектепте мұғалім болып бастадым. 2002 жылы аталған мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2003 жылы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасра болып қызмет атқардым. Мұнан соң 2006 жылы Көктем елді мекеніндегі №227 орта мектепке директор болып тағайындалдым. Әрине басшылық қызмет болған соң оның әр кезеңде өзгеріп отыратындығы белгілі. 2009 жылы Қосжардағы №67 мектепке, 2012 жылы Сапақ ауылындағы №69 орта мектепке басшылық жасадым, – деген Жасұлан өзінің еңбек жолы туралы айтып берді.
Еңбекқорлығымен танылған жас басшының талпынысы мен талабы өзі басқарып отырған мектепті биік шыңдарға жеткізді. Ол 2017 жылдан бері қаладағы Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің директоры болып абыройлы қызмет атқарып келеді. Соңғы жылдары мектеп ұжымының жеткен жетістіктері жетерлік. Соңғы 3 жылда мектептен 18 «Алтын белгі» иегері түлеп ұшқан.
– Бұның бәрі бір ғана менің жетістігім емес. "Бір басшыға мың қосшы" деген менің де ұжымдастарымының жетістігі. Олардың табандылығы мен белсенділігінің арқасында біздің ұжым аудандағы мектептер арасында алдыңғы қатардан көріне білді. Сол үшін әріптестеріме алғыс айтқым келеді. 2020 жылы облыстық білім басқармасы мен облыстық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған облыстық мектептер арасындағы додаға қтатысқан біздің ұжым «Ынтымағы жарасқан ұйым» деген аталым бойынша марапаталған болатын, – деді.
Жасұланның бұған дейін облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бұған қоса, облыстық «Мен инновациялық мектеп директорымын»  байқауына қатысып, «Үздік директор» атанған болатын. Ұжым басшысы ретінде  білікті ұстаздарды біріктіріп, білімді ұрпақ тәрбиелеу ісіне үлес қосып келе жатқан жас басшы Жасұланның әлі талай белестерді бағындырары сөзсіз.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
01 қыркүйек 2021 ж. 750 0