«Қылмыссыз өмір – кемел келешек»
«Қылмыссыз өмір – кемел келешек» жобасы аясында, Гір спортынан жасөспірімдер және ересектер арасында аудандық біріншілік өткізілді.Бүгін, 5 желтоқсан күні өткен біріншіліктің ашылу салтанатында Арал ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Т. Әлжанов сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады. Ол өз сөзінде аудан көлемінде гір спортына қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтіп, мұндай жарыстар спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, жастарды төзімділікке, тәртіпке және салауатты өмір салтына баулитынын айтты. Сонымен қатар, бөлім басшысы спортпен тұрақты түрде айналысу адамның дене дайындығын жақсартып, қоғамда белсенді өмір сүруге жол ашатынын ерекше атап өтті.Жарыс бағдарламасы бірнеше салмақ дәрежелері бойынша ұйымдастырылып, қатысушылар өзара мықтылық танытты. Әр санат бойынша спортшылардың техникасы, күш дайындығы және жарыс тәртібін сақтау деңгейі әділ қазылар алқасымен бағаланды. Біріншілік жоғары деңгейде өткізілді, қатысушылар арасында өзара құрмет пен спорттық ахуал сақталды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Арал ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің арнайы медальдарымен, сондай-ақ Арал спорт клубы КММ-сі тарапынан мадақтама грамоталарымен марапатталды.
Аталған біріншілік аудан спортшыларының кәсіби деңгейін арттыруға, гір спортын кеңінен дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосты.
Спортклуб Арал









