Ерекше жандар еленді
25 қазан – Республика күні мерекесі еліміз үшін ең қастерлі де айшықты ұлық мерекелердің бірі. Бұл мезет – ел бірлігі мен тәуелсіздігіміздің тұғырын дәріптейтін, мемлекетіміздің жетістіктерін айшықтайтын ерекше күн. Осы мереке қарсаңында Арал ауданында да түрлі мазмұндағы іс-шаралар ұйымдастырылып, олардың ішінде ерекше қамқорлықты қажет ететін азаматтардың қатысуымен өткен жарыстар айрықша мәнге ие болды.22-23 қазан күндері Арал аудандық отбасын қолдау орталығында зағип және тірек-қимыл аппараты зақымдалған мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында дойбыдан аудандық жарыс өтті.
Жарыстың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау, олардың ой ұшқырлығын, логикалық қабілетін және спортқа деген қызығушылығын арттыру болды.
Тартысты өткен жарыс барысында қатысушылар жоғары спорттық дайындықтары мен шеберліктерін көрсетті. Әр ойыншы өз төзімділігі мен табандылығын байқатып, қарсыласына лайықты қарсылық танытты.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Әділбек Сембиев алса, ІІ орын Рита Жусуповаға бұйырды, ІІІ орынды Еркін Жусупов пен Бауыржан Найзабеков бөлісті.
Жеңімпаздар мен қатысушылар Арал ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің арнайы медальдары мен грамоталарымен, сондай-ақ демеушілердің қаржылай сыйлықтарымен марапатталды. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар өзара достық пен сыйластық рухын көрсетті.
Мереке аясында өткен тағы бір ерекше жарыс – тоғызқұмалақтан ұйымдастырылған аудандық дода. Бұл жарысқа да зағип және тірек-қимыл аппараты зақымдалған азаматтармен қатар түрлі мекеме азаматтары қатысып, өздерінің зейінін, тапқырлығын және есептеу қабілетін сынға салды.

Жарыс қорытындысымен жеңімпаз Алтынбек Сарсенов атанды. ІІ орынды Толыбек Жарымбетов жеңіп алса, ІІІ орынмен Баян Ибрагимова мен аудандық «Толқын» газетінің редакторы Айдар Сайлауов марапатталды.
Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің медальдары мен грамоталары ұсынылды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдіріп, мұндай шаралардың жиі өткізіліп тұруының маңызын атап өтті.
Сонымен қатар мереке қарсаңында ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар арасында да аудандық эстафета жарысы өтті. Бұл сайыстың мақсаты – балалардың өмірге деген құлшынысын арттыру, салауатты өмір салтын ұстануға баулу және қоғамда тең мүмкіндіктер идеясын кеңінен насихаттау болды.
Іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекемен құттықтап, оларға сәттілік тіледі.

Сайысқа қатысушылар «Алаш», «Жігер», «Қыран», «Бірлік» және «Жалын» атты бес топқа бөлініп, белсенділік танытты. Әр топ өз ұранын көтеріп, мерекенің көңіл-күйін көтере түсті. Тартысты өткен жарыс соңында командалар «Жүйрік топ», «Белсенді топ», «Көңілді топ», «Ұйымшыл топ», «Ұшқыр топ» номинациялары бойынша марапатталды. Барлық қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
25 қазан – Республика күні мерекесіне арналған бұл шаралар қоғамдағы ерекше жандардың белсенді өмірге араласуына, өз мүмкіндіктерін танытып, рухани және физикалық тұрғыда шыңдалуына зор мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар бірлік пен мейірімнің, теңдік пен құрметтің символы болып табылады.
Мереке мәнін терең сезіндірген бұл игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдағы ерекше жандардың өміріне қуаныш пен сенім ұялатары сөзсіз.
«Толқын» ақпарат










