Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнерге әркімнің-ақ бар таласы

Өнерге әркімнің-ақ бар таласы

Қазірде елімізде қоғамның осал топтарына деген қолдау өте ерекше. Олар үнемі биліктің назарынан тыс қалмай, қажетінше көмекке ие болып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тағы бір маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. ерекше күтімді қажет ететін жандарға жан-жақты қолдау көрсету аса маңызды. Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек. Оларға кедергісіз орта қалыптастыру қажет. Бұл жұмыс мүмкіндігі шектеулі жандар ғана емес, қарт кісілер және балалар үшін де өте маңызды» деген сөзі осының анық дәлелі.
Аудан көлемінде де ерекше күтімді қажет ететін жандар жан-жақты қолдауға ие. Олардың қатысуымен түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылып, мүмкіндігі шектеулі жандар белсенді атсалысып келеді. Осындай шараның бірі аудандық мәдениет үйінде өтті. Ерекше жандарды белсенді өмірге тарту, олардың өздерін қоғамның пайдалы мүшесі ретінде сезіну көзқарасын қалыптастыру, жеке дара шығармашылық дарынын жетілдіру мақсатындағы «Жанашырлыққа жан риза» атты ерекше жандардың өнер фестивалінде олардың әзірлеген бұйымдары қойылған көрме көпшілікке ұсынылды. Мемлекеттік грант негізінде кәсіпкерлігін дөңгелетіп отырған жандар осы көрмеде өз туындыларын көрсетті.
Мерекелік кеште сөз алған аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов аудандағы ерекше жандардың өмірге деген талпыныстары мен өнерге деген құштарлықтарына ризашылығын білдіріп, олардың қоғамдағы рөліне тоқталып, өнер фестиваліне қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестиваль барысында зағиптар қоғамының мүшелері, түрлі санаттағы мүгедектігі бар адамдар жүрекжарды шығармашылықтарын орындап, әсем ән шырқап, домбыра аспабымен өсиеттік термелерді нақышына келтіре орындады. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп дана Абай жырлағандай халықтың оларға деген қошеметі мен ыстық ықыласы тым ерекше болды. Осы шарада өнер көрсеткен 24 қатысушыға аудан әкімінің Құттықтауы мен сый-сияпаттар табысталды.
(Өз тілшімізден)
03 мамыр 2023 ж. 1 031 0