АУДАН МЕДИЦИНАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ЖЕҢІС
Еліміздің денсаулық сақтау саласында үш жыл сайын өткізілетін медициналық қызмет сапасы мен қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін бағалау нәтижесі жуырда жарияланды. «Денсаулық сақтау саласындағы сапа аккредитациясы» орталығы жүргізген кешенді сыртқы бағалау қорытындысы Арал ауданы жұртын қуантқан жағымды жаңалық әкелді.Бағалау нәтижесінде Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасы 2025-2028 жылдарға арналған Ұлттық аккредиттеу кезеңінде «ЖОҒАРҒЫ САНАТ» дәрежесін иеленді. Бұл – ауданның медициналық тарихындағы айтулы белестердің бірі әрі жергілікті денсаулық сақтау саласының қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайтын маңызды көрсеткіш.Жоғарғы санатқа қол жеткізу үшін ауруханада медициналық қызметтің сапасын арттыру, пациент қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықаралық стандарттарды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылған. Бұл марапат – сала мамандарының кәсіби біліктілігі мен еңбегінің жемісі.
Ауданның басты емдеу мекемесінің осындай жоғары деңгейде танылуы – жергілікті тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы жаңа белеске көтерілгенін білдіреді.
Жетістіктерімен құттықтай отырып, ақ халатты абзал жандарға алдағы жұмыстарына толайым табыс тілейміз.
А.НҰРЛАНОВА










