Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДЫҢ АРДА АЗАМАТЫ

АРАЛДЫҢ АРДА АЗАМАТЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы деген ұғымды: «Бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы – бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деп пайымдаған болатын. Адам өмірінің мәні – еліне еткен еңбегімен өлшенеді. Осындай тұлғалардың бірі, Арал өңірінің абыройлы азаматтарының қатарында есімі аталып жүрген Жалдыбай Отарұлы Жанабаевтың еңбек жолы үлгі етуге тұрарлық. Өмірін тәрбие, қауіпсіздік, қоғамдық тыныштық пен әділдік жолына арнаған ол бүгінде Арал ауданының жекеше нотариусы ретінде елге қызмет етуді жалғастырып келеді.Жалдыбай Отарұлы 1960 жылдың 8 желтоқсанында Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аралқұм стансасында дүниеге келді. Кең дала төсіндегі еңбекқор халықтың ортасында өсіп, жастайынан адалдық пен жауапкершілікті бойына сіңірді.
1978 жылы Аралқұм стансасындағы №61 орта мектепті аяқтап, білімге деген ұмтылысын жоғары оқу орындарында жалғастыруды мақсат етті. Алайда ол алдымен Отан алдындағы азаматтық парызын орындап, 1980–1982 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери қызмет атқарды.
Әскерден кейін Жалдыбай Отарұлы Қызылорда педагогикалық институтының даярлық курсына қабылданып, кейін 1983 жылы Қарағанды педагогикалық институтына түседі. Алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесі мамандығын меңгерген ол 1987 жылы жоғары білімді маман ретінде туған жеріне оралады.
Еңбек жолын Жалдыбай Отарұлы 1987 жылы №248 Тоқабай орта мектебінде ұстаз болудан бастайды. Жас маманның еңбекқорлығы мен шәкірт тәрбиелеу ісіне жауапкершілікпен қарауы көп ұзамай оның жаңа салаға ауысуына себеп болды.
1990 жылы ол жолдама бойынша Арал аудандық ішкі істер бөліміне қызметке қабылданады. Бұл кезең оның өмірінің жаңа бетбұрысына айналды. Жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекцияның инспекторы қызметінен бастап, инспекция бастығы, анықтау бөлімшесінің бастығы, қылмысты іздестіру бөлімшесінің жедел уәкілі, аға уәкілі және бөлімше бастығы қызметтерін абыроймен атқарды.
Ішкі істер саласында жинаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі оның жауапты қызметтерге дейін көтерілуіне жол ашты. Жалдыбай Отарұлы Арал аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жедел істер жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосты.
Ұзақ жылғы адал қызметінің нәтижесінде ол 2007 жылы подполковник шенімен зейнетке шықты. Қызмет жолында алған марапаттары мен халықтың жылы лебізі – оның еңбегіне берілген әділ бағасы.
Құқық қорғау саласында еңбек ете жүріп, білімін жетілдіруді де назардан тыс қалдырмай, 1996 жылы Қарағанды жоғары мектебіне оқуға түседі. 1999 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды жоғары мектебін құқықтанушы-заңгер мамандығы бойынша тәмамдады.
Зейнетке шыққаннан кейін де ол белсенді еңбек етіп, 2007–2012 жылдары Арал қаласындағы «Атамекен Холдинг» ЖШС мен «Арал вагон» ЖШС-нің қауіпсіздік қызметінің бастығы болды. Ал 2012–2015 жылдары «Арал вагон жөндеу зауыты» ЖШС-нің атқарушы директоры қызметін абыроймен атқарды.
2015 жылдан бастап Жалдыбай Отарұлы Арал ауданының жекеше нотариусы қызметін атқарып келеді. Халықпен тікелей жұмыс істей отырып, азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуге атсалысып, заңды құжаттарды рәсімдеу ісінде әділдік пен нақтылықты ұстанып келеді. Халықтың сенімі мен құрметіне бөлену – оның ең үлкен жетістігі.
Бүгінде алпыс бес жастың төріне озған Жалдыбай Отарұлы Жанабаев – еліне сіңірген еңбегімен, мінсіз қызметімен, адами болмысымен Арал өңірінің мерейін өсіріп жүрген азаматтардың бірі. Өмір жолы – жас буынға үлгі, ұлтқа қызмет етудің жарқын көрінісі.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
 
13 желтоқсан 2025 ж. 74 0